×

Саудагерлер мен кәсіпкерлердің салығы артады: Азық-түлік, тауар бағасы аспандай ма?

Үкімет «Іскер аймақ» бағдарламасын бекітті

Саудагерлер мен кәсіпкерлердің салығы артады: Азық-түлік, тауар бағасы аспандай ма?
Коллаж Qaz365.kz

Енді жалпы онлайн-дүкендер ашып, жеке сауда істеп жүрген азаматтар үшін салық артады. 23 желтоқсанда өткен үкімет отырысында үкімет Президент тапсырмасына сай «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасын бекітті. Бұл жайлы премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин баяндап берді. Оның айтуынша, биыл Қазақстанда жаңа бюджет-салық саясаты қабылданды. Бұл дегеніміз кәсіпкерлер үшін де салық құны өседі. Жұманғариннің сөзінше, бұл саясаттың басты мақсаты – өңірлер арасындағы экономикалық айырмашылықты азайту және шағын кәсіппен айналысатын адамдарға бірдей жағдай жасау.

Qaz365.kz редакциясы үкімет отырысындағы айтылған шешімдерді тыңдап, оның ел экономикасына қалай әсер ететінін саралап көрді.

Үкімет отырысында не айтылды?

Фиксалдық саясат арқылы үкімет 2026 жылдан бастап бюджетке қосымша шамамен 4 триллион теңге түседі деп жоспарлап отыр. Бұл қаржы бизнесті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және кәсіпкерлерді қолдауға бағытталмақ.

«Биылғы жыл жаңа бюджет-салық саясатының қабылдануымен ерекшеленді. Жаңа фискалдық саясатта бекітілген негізгі қағидаттар ең алдымен өңілік стандарттар жүйесі арқылы өңірлер арасындағы теңсіздікті төмендетуге, сондай-ақ, кәсіпкерлікті, әсіресе, микро және шағын бизнесті дамытудағы теңгерімсіздіктерді азайтуға бағытталған. 2026 жылдан бастап фискалдық саясат бюджеттің кіріс бөлігін шамамен қосымга 4 триллион теңгеге ұлғайтуды көздейді. Бұл қосымша қаржы ресурстары президент пен үкіметтің тапсырмасына сәйкес, бірінші кезекте қазақстандық бизнесті дамытуға және қолдауға бағытталатын болады», — деді Серік Жұманғарин.

Сонымен бірге салық жүйесінде де өзгерістер болады. Үкімет салық базасын кеңейтуді көздейді. Яғни, бұрын тіркелмей жұмыс істеген немесе көлеңкеде қалған бизнес те есепке алынуы мүмкін. Серік Жұманғарин мұның мақсаты кәсіпкерлерге қысым жасау емес, бәріне ортақ әрі әділ тәртіп орнату екенін айтты.

«Арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін шешім»

«Таяқтың екінші ұшы келіп қарапайым азаматтарға тимей ме?» деген сұрақ туады. Логистиканың қымбаттауы, валюта бағамының құбылуы және салық реформалары ең алдымен шағын және орта бизнеске салмақ салуы мүмкін. Үкімет мұны ашық мойындап отыр. Бұл дегеніміз азық-түліктің бағасының өсуіне де әсер етеді деген сөз.

«Салық базасын кеңейту қағидаты сонымен қатар бизнес субъектілерінің кірісін арттырумен қатар жаңа фискалдық саясаттың айқындаушы элементі. Үкімет сыртқы факторлар, логистика, күнделі халықаралық жағдай және валюталық ауытқулар сияқты, сондай-ақ ішкі факторлар, салықтық және тарифтік реформалар, ең алдымен шағын және орта кәсіпкерлікке қосымша жүктеме түсіретінін толық түсінеді», — деп ашық айтты Серік Жұманғарин.

Сондықтан 5 желтоқсанда Президент үкіметке бизнес өкілдерінің ұсыныстарын мұқият қарап, салық мәселесінде ақылға қонымды теңгерім табуды тапсырды.
 
Жалпы алғанда, билік бұл бастамалар қарапайым халықтан қосымша салық жинау үшін емес, шағын бизнесті күшейту, өңірлерді тең дамыту және бюджетті тұрақтандыру үшін жасалып отырғанын айтып отыр. Қарапайым азаматтар бұрынғыдай жалақысынан салық төлей береді, жаңа міндетті салықтар әзірге жарияланған жоқ.
 
Президенттің «орынды теңгерім табуды» тапсырғанын Серік Жұманғарин былай деп жеткізді:

«Осыған байланысты биыл 5 желтоқсанда «Алтын сақа» және «Барыс» сыйлықтарының лауреаттарын марапаттау рәсімінде мемлекет басшысы үкіметке және салық кодексінің жекелеген нормалары бойынша бизнес өкілдерінің өтініштерін талдауды орынды теңгерім табуды тапсырды. Мемлекет басшысы бұл жұмысты мемлекеттің ауқымды міндеті екенін айтты. Сонымен қатар шағын бизнесті қолдаудың біріңғай бағдарламасын жедел қабылдауды тапсырды», — деді Серік Жұманғарин.

Ал жалпы фискалдық саясат дегеніміз — бұл мемлекет бюджеті мен салықтарды пайдалану арқылы экономикаға қолдау беру тәсілі. Бұл саясат елдің дамуын, инфляцияны, жұмыс орындарын және кәсіпкерлікті ақырындап реттейді.

Бюджетке қаражат керек. Оның шешімі осы болды делік. «Ал енді бұл шешімдер экономикаға қалай әсер етуі мүмкін?» деген сұраққа тоқталсақ. Азық-түліктің бағасы өсуі мүмкін. Бұл «таяқтың бір ұшы». Үкіметтің мақсатына қарасақ, мемлекет салық түсімін арттыра алса, бюджеттің тапшылығы төмендейді. Таяқтың екінші ұшында экономиканы дамыту жатыр. Яғни, бұл шешім — әлеуметтік төлемдер, инфрақұрылым, білім және медицина сияқты салаларға тұрақты қаржы бөлуге мүмкіндік береді. Кейбір салықтардың мөлшерлемесі өзгеруі мүмкін (мысалы, ҚҚС және корпоративтік салықтар).

«Іскер аймақ» жобасы аясында кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетіледі?

Сонымен қатар, Серік Жұманғарин өңірлерде шағын бизнесті қолдауға жыл сайын 400 млрд теңге бөлінетінін айтты.

«Бағдарлама ауылшаруашылық шикізатын қайта өңдеу, шағын наубайхана, жиһаз және құрылыс материалдарын өндіру сияқты тез нәтиже беретін, технологиялық жағынан қарапайым, жылдам жүзеге асырылатын жобаларға бағытталған», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Оның сөзінше, бағдарламада екінші деңгейлі банктер арқылы жыл сайын 400 млрд теңге несие бөлу қарастырылған:

Несие: бір жобаға 200 млн теңгеге дейін.
Мөлшерлемесі: ~8,8% (40%-ы мемлекеттен субсидияланады).
Мерзімі: 3 жылға дейін.
«Даму» беретін кепілдік: кепілге қоятын заты жоқ немесе  жеткіліксіз болған жағдайда қарыз құнының 85%-ына дейін.

Серік Жұманғариннің айтуынша, бизнес ақшаны ғана емес, нақты ресурстарды да ала алады, олар – жеңілдікпен үй-жайларды, жер телімдерін жалға алу және коммуникациялар жүргізу. Өндірісті тиімді іске қосу үшін сервистік сүйемелдеу және сол салаға бағытталған онлайн-оқыту курстары енгізілуде. Бұл ретте мемлекеттік қолдауды алуда басымдық «Ауыл аманаты» және «Бір ауыл – бір өнім» жобаларына қатысушыларға беріледі.

Бұл жобаға өтінімді қалай беруге болады?

Өтінімдерді беру egov.business және Damu Online порталдары арқылы автоматтандырылған түрде жүргізіледі. Шалғай аудандар үшін көшпелі формат қарастырылған: арнайы мобильді кеңселер (автобустар) жергілікті жерлерде кеңес беріп, құжаттарды қабылдайды.

Сондай-ақ, ҚР қаржы министрі Мәди Такиев кәсіпкерлерге көмек ретінде «Халық бухгалтері» акциясы басталатынын айтты. Акцияның мақсаты – жеке кәсіпкерлер (ЖК) мен шағын бизнес субъектілеріне бухгалтерлік және салықтық есепті дайындау және тапсыру кезінде консультациялық көмек көрсету. Акцияға кәсіби бухгалтерлер мен аудиторлар, кәсіби бухгалтерлік бірлестіктердің өкілдері, аумақтық мемлекеттік кірістер органдарының мамандары (түсіндірме жұмыстарын жүргізу бөлігінде) қатысады.

«Салықтан жалтарғаннан гөрі, таза жұмыс істеуге жағдай жасаймыз»

Премьер-министр Олжас Бектенов те бағдарламаның негізгі мақсатын атап өтті: тек несие беру емес, тұрақты өндіріс орындарын құрып, өнім көлемін нақты арттыру. Қаржы министрлігі бағдарламаны қаржыландыруға жауапты, жергілікті бюджеттерден де қосымша қаражат қарастырылатын болады.
 
Оның айтуынша, бағдарлама шеңберінде:

Кәсіпкерлерге өндірістік инфрақұрылымға қолжетімділік беріледі;
Үй-жайларды жеңілдікпен жалға алу мүмкіндігі жасалады;
Банктік несие бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігі субсидияланады (9% дейін).
Сонымен қатар, шағын және микро бизнесті тегін оқыту мен кеңес беру бағдарламасы іске қосылады, бухгалтерлік есеп және салық салу жеңілдетіледі.

Олжас Бектенов «Іскер аймақ» бағдарламасы бизнес үшін салық төлеуден жалтарып жүргеннен гөрі таза жұмыс істеп, оны төлеу тиімді болатындай жағдай жасайтындарын айтты. 

«Қаржы министрлігі әсіресе, мемлекеттік кірістер органдары жұмыс тәсілін түбегейлі өзгертуі керек екенін тағы да атап өткім келеді. Бұзушылықтардың профилактикасы мен алдын ала ескертуге баса назар аудару керек. Фискалдық органдар салық төлеушілер үшін серіктеске айналуы қажет. Біз бәріміз бірге бизнес үшін салық төлеуден жалтарғаннан гөрі, таза жұмыс істеп, оны төлеу тиімді болатындай жағдай жасаймыз. Бұл бағытта кешенді әрі үйлесімді жұмыс жүргізуі тиіс. Біз әрі қарай да цифрлық платформаларды дамытып, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетеміз, инклюзивтілікті қолдап, орнықты өсу үшін шағын бизнесті қажетті құралдармен қамтамасыз етеміз», — деп атап өтті Премьер-министр.

Еске сала кетсек, бұған дейін 2025 жылғы 10 қазанда Қазақстанның Ұлттық банкі негізгі салық мөлшерлемесін 18 %-ға көтерді. Бұл ел тарихындағы соңғы 26 жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Базалық мөлшерлеме — экономиканың ақшаның құнын анықтайтын негізгі көрсеткіші. Оның өсуі банктердің несие және депозит пайыздарын арттырады.

Мөлшерлеменің күрт өсуіне негізгі себеп — инфляцияның жылдам өсуі. 2025 жылдың қыркүйегінде инфляция жылдық есеппен 12,9 %-ға жетті. Базалық мөлшерлеменің көтерілуі арқылы Ұлттық банк бағаның тез өсуін бәсеңдетпек. Алайда мұндай жағдайда тұтынушылар мен кәсіпкерлер үшін несие алу қиындайды, бұл экономиканың өсуін баяулатады. 

Бүгінгі үкімет отырысында айтылған «орынды теңгерімді табу» жайлы сөз, расымен шағын және орта бизнеске салмақ салмауға сеп болады деп үміттенеміз. Егер расымен «өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын» теңгерім тауып, бәрі жоспардағыдай болса, бюджетке жинай алған 4 триллион қаражат ары қарай қалай жұмсалады? Оны бюрократия мен жемқорлық талан-таражға түсірмей ме? Бұл алдағы уақыттың еншісінде.

Qaz365.kz осы жағдайды бақылап, алдағы уақытта ақпарат таратып отырады.

Еске сала кетсек, бұған дейін қазақстандық олигархтардың Дубайдағы екі вилласы 20,7 миллиардқа сатылды.

Сонымен қатар, Qaz365.kz редакциясы 30 желтоқсанда қайта саудаға шыққалы жатқан олигархтардың  бағалы заттары жайлы жазған болатын. Толығырақ материалымыздан оқыңыз.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →