Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлі Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге бизнесті мемлекеттік қолдау жүйесінің тиімділігіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сауалда депутат Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексеріс нәтижелері мемлекеттік қолдау тетіктерінде түйткілді мәселелер барын көрсеткенін атап өтті. Оның айтуынша, 2019–2024 жылдары кәсіпкерлікті дамытуға шамамен 4,5 трлн теңге бағытталғанымен, бұл қаражаттың едәуір бөлігі нақты экономикалық қайтарым бермеген. Аудит деректеріне сәйкес, кәсіпкерлердің 80 пайыздан астамы көрсетілген қолдаудың бизнесіне айтарлықтай ықпалын сезінбеген, ал 66 пайызы қаржылық емес қолдау шаралары туралы мүлде хабарсыз болған. Сонымен бірге ел экономикасындағы орта бизнестің үлесі әлі де 6–7 пайыз деңгейінен аспай отыр.
Әбутәліп Мүтәлі Ұлттық экономика министрлігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасындағы өзара жұмыстың әлсіздігін де сынға алды. Оның пікірінше, тиісті үйлестірудің болмауы салдарынан миллиардтаған теңге бюджет қаржысы нақты нәтижеге емес, формалды бағдарламаларға жұмсалып, тек есеп үшін игерілуде.
Депутат 2024 жылға арналған «Іскер аймақ» бағдарламасын мысалға келтірді. Аталған жобаға 93,5 млрд теңге бөлінгенімен, қаражаттың 60 пайыздан астамы небәрі бес ірі қалаға бағытталған. Соның салдарынан шағын қалалар мен шалғай өңірлердегі кәсіпкерлер мемлекеттік қолдаудан тыс қалып отыр.
Сауалында ол бұл жағдайды жүйелік теңсіздіктің көрінісі деп бағалап, мемлекеттік қолдаудың негізінен ірі қалаларға шоғырланғанын, ал өңірлердегі кәсіпкерлер үшін оның қолжетімділігі мен тиімділігі төмен екенін айтты.
Осы орайда Әбутәліп Мүтәлі Ұлттық экономика министрлігі мен «Атамекеннің» нақты нәтиже бермейтін бағдарламаларға қомақты қаржы бөлуінің себептерін, оған кім жауапты екенін және мемлекеттік қолдауды елдің барлық өңіріндегі кәсіпкерлерге шынайы әрі әділ жеткізу үшін қандай нақты қадамдар жасалатынын түсіндіруді сұрады.