«Жасыл даму» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Қабдолданов көліктерді қай жерде қайта өңдейтінін, бұл салада қанша кәсіпорын жұмыс істеп тұрғаны және утиль алымынан жиналған қаражаттың нақты көлемі туралы сұрақтарға бірден жауап бере алмады, деп хабарлайды Qaz365.kz
Брифинг барысында журналистер утилизациямен айналысатын мекемелердің саны мен қаржының қалай бөлінетіні жайлы қайталап сұрады.
Тосыннан қойылған сұрақтан кейін Қабдолданов бұл мәліметтерге «жазбаша жауап берейік» деп сұрады.
Соған қарамастан тілшілер сұрақтарын қойған соң, ол кейбір деректерді ауызша айтты. Оның сөзінше, қазіргі таңда утилизация саласында жұмыс істеуге үш мекеме өтінім берген.
«Бүгінгі таңда бізге 3 мекеме өтінім берген болатын. Қалған нақты ақпаратты сізге жазбаша жіберейін. Утиль алымынан 11 айдың ішінде 324 миллиард теңге жиналды. Соның ішінде 149 миллиард техниканы шығаратын компанияларға қайтарылды», — деді Қабдолданов.
Утилизациямен нақты қай кәсіпорындардың айналысып отырғаны және қалған қаражаттың қалай игерілгені жөніндегі мәліметтер айтылмады.
Еске сала кетсек, 2015 жылғы 25 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Энергетика министрі №762 бұйрыққа қол қойып, қалдықтарды жинау, тасымалдау, өңдеу қызметі үшін төлемді есептеу әдістемесін бекіткен еді. Бұрын утиль алымын жеке компания жинайтын. Қазір жинақтау мен бақылау қызметін мемлекеттік «Жасыл даму» компаниясы атқарып отыр. Белсенді Санжар Боқаевтың айтуынша, қазақстандықтардан жиналған миллиардтар машиналарды, автобустар мен ауыл шаруашылығы техникасын өңдеп, кәдеге жаратуға жұмсалмаған. Керісінше, ел экономикасына үлкен залал келтірген.