×

Экономист қазақстандықтарға ай сайын 300 мың теңге көлемінде базалық табыс төлеуді ұсынды

Экономист қазақстандықтарға ай сайын 300 мың теңге көлемінде базалық табыс төлеуді ұсынды
ОКҚ

Қазақстанда халықтың едәуір бөлігі көптеген елде орта тапқа тән саналатын мүмкіндіктерге – саяхаттауға, мәдени іс-шараларға қатысуға және сапалы тамақтануға – жете алмай отыр. Осыған байланысты экономист Қуат Әкежанов әлеуметтік теңсіздікті қысқартып, экономикалық өсімге серпін беру үшін әр азаматқа шартсыз базалық табыс енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Digital Business-ке сілтеме жасап.

Spik.kz талдау орталығының жетекшісі, саяси экономика ғылымдарының докторы Әкежановтың айтуынша, шартсыз базалық табыс – мемлекеттің әр азаматқа ешқандай талапсыз, тұрақты түрде қаржы төлеуі. Қазақстанда бұл идея «Келешек» бағдарламасы арқылы ішінара көрініс тапқанымен, оның ауқымы мен әсері жеткіліксіз.

Экономистің сөзінше, базалық табыс символикалық емес, шынайы тірек болатындай деңгейде болуы тиіс. Ол ай сайын әр ересек азаматқа 200–300 мың теңге төлеу ғана өмір сапасын жақсартып, әлеуметтік алшақтықты азайта алады деп есептейді.

Әкежанов Қазақстанда «көрсетіп тұтыну» кең тарағанын, ал халықтың көпшілігі тұрақты табыс пен әлеуметтік қауіпсіздіктен қағылғанын айтады. Оның пікірінше, базалық табыс адамдарды ұнатпайтын жұмысқа байланып қалудан босатып, білім алуға, кәсіби өсуге және шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге бұл жұмыс берушілерді жалақыны арттыруға ынталандырады.

Қаржыландыру мәселесіне келсек, мұндай төлемдер жылына ондаған триллион теңге қажет етуі мүмкін. Дегенмен экономист Қазақстанда қажетті ресурс бар екенін алға тартады: Ұлттық қордағы қаражаттың бір бөлігі адам капиталына бағытталуы тиіс.

Әкежанов базалық табыс инфляцияны күшейтеді деген уәжбен де келіспейді. Оның ойынша, байлықтың бөлінуі нарықтан гөрі саяси және экономикалық шешімдерге тәуелді.

Сондай-ақ ол шартсыз базалық табыс реиндустрияландырумен қатар іске асуы керек деп санайды. Бұл ішкі сұранысты күшейтіп, отандық өндірісті дамытуға жол ашады. Мұндай төлемдер табыс деңгейіне қарамастан барлық азаматтарға берілуі және қазіргі әлеуметтік жәрдемақыларды алмастырмай, толықтыруы қажет.

Экономист Моңғолия, Иран және Финляндиядағы тәжірибелерді мысалға келтіріп, базалық табыс бұл елдерде халықтың әл-ауқатына оң ықпал еткенін атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстан үшін бұл бастама ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформаларға бастайтын маңызды құрал болуы мүмкін.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →