2025 жылдың 11 айында қазақстандықтар тұрғын үй алу мен емделу үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 1 трлн теңге шешіп алған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
БЖЗҚ мәліметінше, алынған қаражаттың басым бөлігі тұрғын үй жағдайын жақсартуға және медициналық қызметтерге жұмсалған. Бұл бағыттар зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдаланудың негізгі арналары болып қала береді.
Қордағы зейнетақы жинақтарының жалпы көлемі 25,8 трлн теңгеге жеткен. Бір жылдағы өсім 16,8 пайызды құраған. Ақша көлемінің артуына міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті жарналардың түсуі, сондай-ақ инвестициялық табыс әсер еткен.
Осы кезеңде жарналардың барлық түрлері бойынша жасалған төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударымдардың жалпы сомасы 1,7 трлн теңгеге жеткен. Ал зейнетақы жинақтарының таза өсімі 3,7 трлн теңгені құраған.
Қор өкілдерінің айтуынша, зейнетақы активтерінің өсуі жүйеге тұрақты жарналардың түсуімен қатар, инвестициялық басқару нәтижелеріне де байланысты. Сонымен қатар азаматтардың тұрғын үй мен емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдеріне сұранысы әлі де жоғары болып отыр.
Еске салайық, қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегінен асқан бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға және медициналық қызметтерге пайдалана алады.