Қазақстанда 90 күннен астам мерзімі өткен проблемалық несиелердің көлемі өсіп келеді. Қараша айының қорытындысы бойынша мұндай қарыздар 93,8 млрд теңгеге ұлғайып, жалпы несие портфеліндегі үлесі 3,74%-ға жетті. Қазан айының басында бұл көрсеткіш 3,54% болған. Бұл туралы Ұлттық банктің ресми деректерінде айтылған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Реттеушінің мәліметінше, проблемалық несиелердің артуы негізінен ірі банктердің үлесіне тиесілі. Ең жоғары өсім Halyk Bank-те тіркелді: бір айда 90 күннен асқан қарыздар көлемі 72 млрд теңгеге ұлғайып, 438 млрд теңгеге жеткен. Банктегі проблемалық несиелердің үлесі 3,39%-ды құрап, бір айда 0,57 пайыздық тармаққа артқан.
Bereke Bank-те мерзімі өткен қарыздар 7,7 млрд теңгеге өсіп, жалпы көлемі 107,8 млрд теңгеге жетті. Бұл банктегі проблемалық несиелердің үлесі 7%-ды құрайды. Еуразиялық банкте өсім 5,8 млрд теңге болып, проблемалық қарыздар 139,3 млрд теңгеге дейін артқан, ал олардың үлесі 8,31%-ға жеткен. Bank RBK-де бұл көрсеткіш 3,6 млрд теңгеге өсіп, 71,3 млрд теңгені құрады. ForteBank-те проблемалық несиелер көлемі 2,7 млрд теңгеге ұлғайып, 102,7 млрд теңгеге жеткен.
Проблемалық несиелердің үлесі бойынша ең жоғары көрсеткіштер Еуразиялық банкте (8,31%) және Alatau City Bank-те (8,09%) тіркеліп отыр.
Сарапшылардың пікірінше, мерзімі өткен қарыздардың өсуі халық пен бизнестің қаржылық жүктемесінің артуымен, сондай-ақ жоғары пайыздық мөлшерлемелер жағдайында қарыздарды өтеу қиындығымен байланысты болуы мүмкін.