2026 жылдың қаңтарында Қазақстан мұнайының сыртқы нарыққа экспорты күрт қысқарды. Bloomberg агенттігінің дерегінше, Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы жеткізу көлемі жоспардан шамамен 45 пайызға азайған. Бұған қолайсыз ауа райы, жөндеу жұмыстарының созылуы және дрон шабуылдарының салдары әсер еткен, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Трейдерлердің айтуынша, қаңтар айында CPC Blend маркалы мұнайдың тәуліктік экспорты 800–900 мың баррель деңгейінде болады. Ал жоспарланған 45 партияның кемінде 21-і тоқтатылған. Ұсыныстың азаюы бағаға ықпал етіп, қазақстандық мұнай бір жылда алғаш рет премиямен сатылып отыр. Мәмілелер Dated Brent эталонына барреліне 1,2 доллар үстемемен жасалған.
Экспорттағы іркілістің негізгі себебі – Новороссийск маңындағы теңіз терминалындағы техникалық мәселелер. Мұнайды толық көлемде тиеу үшін екі қалқымалы айлақ құрылғысы қажет болса да, қазір олардың біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Дауылды ауа райы тиеу процесін бірнеше рет тоқтатқан, ал техникалық қызметтен өтуі тиіс екінші құрылғының іске қосылуы кешігіп жатыр. Үшінші құрылғы (ВПУ-2) 2025 жылғы қарашада зақымданған.
Energy Aspects сарапшыларының бағалауынша, терминалдағы үздіксіз үзілістер Brent маркалы мұнайға деген жоғары сұранысты сақтап отыр. Алайда жағдай ушығып келеді: кей кездері КҚК жүйесі сақтау резервуарларының толуына байланысты өндірушілерден мұнай қабылдауды уақытша тоқтатуға мәжбүр болған.
Қазақстан тәулігіне шамамен 1,8 млн баррель мұнай өндіреді. КҚК толық қуатта жұмыс істемеген жағдайда, балама бағыттар арқылы оның тек жартысына жуығын ғана экспорттауға болады. Бұл жағдай ұзаққа созылса, өндірісті қысқарту қаупі туындайды. Айта кетейік, 2025 жылы КҚК инфрақұрылымы бірнеше рет шабуылға ұшырап, соңғы ірі оқиға 29 қарашада тіркелген. Сонымен қатар ресейлік жеткізілімдер де тәулігіне шамамен 150 мың баррельге қысқарған.