×

АҚШ Иранмен серіктес елдерге баж салығын енгізеді: Қазақстанның Сауда министрлігі пікір білдірді

АҚШ Иранмен серіктес елдерге баж салығын енгізеді: Қазақстанның Сауда министрлігі пікір білдірді
Ulysmedia коллажы

АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранмен іскерлік қатынас орнатқан елдерге баж салығын енгізу туралы мәлімдемесінен кейін Қазақстан ықтимал салдарларды талдап, түрлі сценарийді қарастырып отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Дональд Трамп 12 қаңтар күні Truth Social әлеуметтік желісінде Иранмен бизнес жүргізетін кез келген мемлекет АҚШ-пен жасалатын барлық коммерциялық операциялар бойынша 25 пайыздық баж салығын төлеуге тиіс болатынын жазған. Ол бұл шешімнің өзгеріссіз және міндетті түрде орындалатынын атап өтті.

Осыған байланысты министрлікте халықаралық сауда-экономикалық ахуал мұқият бақылауға алынған. Ведомство мәліметінше, ықтимал шектеулердің нақты мазмұны мен қолдану тәртібі әзірге анықталмаған, сондықтан барлық нұсқа жан-жақты бағалануда.

«Қазақстан халықаралық сауда саласындағы өз міндеттемелерін толық сақтайды және сыртқы экономикалық саясатта байыпты әрі прагматикалық бағыт ұстанады», – делінген ресми хабарламада.

Қазіргі таңда Қазақстан Иранға арпа, дәнді дақылдар, күнжара, қой еті мен жүгері экспорттайды. Ал Ираннан Қазақстан нарығына жеміс-жидек, құрма, інжір, авокадо, ананас, жаңғақ, минералды су және көкөністер жеткізіледі.

Айта кетейік, 2025 жылғы ақпанда өткен Қазақстан–Иран бизнес-форумы аясында тараптар 92,8 миллион доллар көлеміндегі 10 коммерциялық келісімге қол қойған еді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →