Биылдан бастап ай сайынғы табысы шамамен 145 мың теңге болатын қазақстандықтар жеке табыс салығын (ЖТС) төлемейді. Ал айына 3 млн теңгеден, жылына 36 млн теңгеден асатын табысқа жоғары мөлшерлеме қолданылады. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің салықтық әдіснама басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Аббасова брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның айтуынша, жаңа Салық кодексінде 30 АЕК көлемінде базалық шегерім қарастырылған. Бұл бір айға 129 750 теңге шамасында. Аталған сомаға жеке тұлға өз табысын азайта алады.
«Ай сайынғы табысы төмен, шамамен 145 мың теңге алатын азаматтар жеке табыс салығын төлемейді», – деді Айгүл Аббасова.
Ал жылдық табысы 36 млн теңгеден асатын немесе айына 3 млн теңгеден жоғары кіріс табатындар үшін өсім қолданылмақ.
«36 млн теңгеден асатын бөлігі 15% мөлшерлемемен салық салынады», – деп нақтылады ол.
Осылайша, айына 145 мың теңгеден жоғары, бірақ 3 млн теңгеден төмен табыс алатын азаматтар үшін 10% ЖТС мөлшерлемесі сақталады.