×

Енді шетелден алынған қаржы көздері мен сомасы жарияланады

Енді шетелден алынған қаржы көздері мен сомасы жарияланады
rbc.ru

Қазақстанда шетелден қаржы алатын жеке және заңды тұлғалар ашық көрсетуге тиіс мәліметтердің көлемі ұлғайтылды. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов жолдаған депутаттық сауалға берген ресми жауабында мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Вице-премьердің мәлімдеуінше, Қаржы министрлігінің тиісті бұйрығы 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енген. Жаңа талаптарға сәйкес, шетелдік мемлекеттерден, халықаралық және шетел ұйымдарынан, сондай-ақ шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардан қаржыландыру алатын тұлғалар жөніндегі жарияланатын деректер тізімі кеңейтілген.

Қолданыстағы тәртіп бойынша, Қазақстанда тіркелген жеке және заңды тұлғалар тоқсан сайын мемлекеттік кірістер органдарына қаржылық есеп тапсырады. Осы мәліметтер негізінде шетелдік қаржыландыру алатын тұлғалардың арнайы тізілімі жасақталады. Аталған реестр жарты жыл сайын жарияланып отырады. Қазіргі уақытта тізілімге 186 жеке және заңды тұлға енгізілген.

Аида Балаеваның айтуынша, 2025 жылғы 10 қарашада қабылданған жаңа бұйрық реестр мазмұнын нақтылай түсті. Енді тізілімде:

  • қаржы көздері мен донорлар туралы деректер;

  • алынған қаражат көлемі
    ашық көрсетіледі.

2025 жылдың екінші жартыжылдығы бойынша қалыптастырылған кеңейтілген реестр 2026 жылдың наурыз айында жарияланбақ.

Сонымен бірге вице-премьер шетелдік қаржыландыру туралы мәліметті ұсынбаған тұлғаларға жауапкершілік көзделгенін еске салды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 460-1-бабына сәйкес, жеке тұлғалар мен коммерциялық емес ұйымдарға 50-ден 250 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Ал декларацияны әдейі тапсырмау салдарынан ірі көлемде салық төленбесе, Қылмыстық кодекстің 245-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Бұған қоса, жаңа Салық кодексі аясында 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік кірістер органдарының өкілеттігі кеңейтілді. Енді олар шетелдік қаржы алатын жеке және заңды тұлғалардың қаражатты алу және пайдалану талаптарының сақталуын тексере алады.

Вице-премьердің айтуынша, бұл өзгерістер шетелдік қаржыландырудың мақсатты жұмсалуын бақылауды күшейтіп, бюджетке түсетін салықтардың толық әрі уақтылы түсуін қамтамасыз етуге бағытталған.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →