×

Бағаның өсуі мен инфляция үкіметке деген сенімді әлсіретіп отыр – сауалнама

Бағаның өсуі мен инфляция үкіметке деген сенімді әлсіретіп отыр – сауалнама
smartik.ru

Қазақстанда азық-түлік пен күнделікті қажетті тауарлардың қымбаттауы азаматтардың қаржылық жағдайына және үкіметке деген сеніміне тікелей әсер етіп отыр. Бұл DEMOSCOPE жүргізген қоғамдық пікір сауалнамасының нәтижесінде белгілі болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Зерттеу деректеріне сәйкес, 2025 жылы респонденттердің 82%-ға жуығы азық-түлік пен бірінші кезекте қажет тауарларға жұмсалатын шығынның артқанын айтқан. Халықтың басым бөлігі инфляцияға бейімделе алмағанын, ал нақты табыстың төмендеуі күнделікті өмірге салмақ салып отырғанын жеткізген.

DEMOSCOPE сауалнамасының деректері Halykfinance.kz сарапшыларының қорытындысымен сәйкеседі, олар жылдық көрсеткіште қазақстандықтардың шынайы табысы 3,4%-ке қысқарғанын келтіреді. Оған ықпал еткен негізгі факторлар қатарында халықтың сатып алу қабілетіне қысым жасаған жоғары инфляция мен ұлттық валютаның әлсіреуі бар. Сонымен қатар, 2025 жылдың қаңтар–желтоқсан айларының қорытындысы бойынша, Ұлттық статистика бюросының алдын ала дерегіне сәйкес, Қазақстанның ЖІӨ өсімі 6,5% болған.

Сауалнама азаматтардың жеке қаржылық жағдайына деген сенімінің де әлсірегенін көрсетті. Қараша айында қазақстандықтардың 45%-тен астамы алдағы бір жылда экономикалық жағдайының тұрақты болатынына сенбейтінін айтқан. Бұл көрсеткіш жыл басымен салыстырғанда қайтадан өсе түскен.

Экономикалық қиындықтар үкімет жұмысына берілетін бағаға да әсер еткен. Наурыз айында респонденттердің 65,7%-і үкімет әлеуметтік-экономикалық мәселелерді тиімді шеше алмай отыр деп есептеген. Дегенмен, жыл соңына қарай билік жұмысына оң баға беретіндердің үлесі артқанымен, сенім толық қалпына келген жоқ.

Зерттеу авторларының айтуынша, ҚҚС мөлшерлемесінің 12%-тен 16%-ке өсуі және салықтағы өзге өзгерістер 2026 жылы халыққа түсетін қаржылық жүктемені одан әрі арттыруы мүмкін. Сауалнамаға қатысқандардың 61,4%-і салықтың көтерілуі бағаның тағы да қымбаттауына әкеледі деп қауіптенеді.

Сауалнама MediaNet ұйымының қолдауымен жүргізілген. Зерттеу нәтижелері қоғамдағы экономикалық алаңдаушылықтың әлі де жоғары екенін көрсетіп отыр.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →