Қазақстан Ұлттық банкінің Ақша-несие саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде, ±1 пайыздық тармақ дәлізімен сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкі баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ведомство дерегінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 12,3% болды (болжам – 12–13%). Инфляцияға ең үлкен үлесті азық-түлік бағасының өсуі қосты – 13,5%. Әсіресе ет пен сары май бағасының қымбаттауы өндіріс шығындарының артуымен және экспорт көлемінің жоғары болуымен түсіндірілді. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 11,1%, ақылы қызметтер бағасының өсімі 12% деңгейінде қалыптасты.
Ұлттық банктің мәлімдеуінше, инфляция әлі де ішкі сұраныстың ұсыныс мүмкіндіктерінен жоғары болу жағдайында қалыптасуда. Тарифтік реформа мен жанар-жағармай нарығын ырықтандырудың жанама әсерлері баға мен инфляциялық күтулерге ықпал етуді жалғастырып отыр. Халықтың бір жыл алға инфляциялық күтулері 14,7%-ға дейін өскен, ал нарықтың кәсіби қатысушыларының 2026 жылға болжамы 10,8%-ға жеткен.
Сонымен қатар 2026 жылдың I тоқсанының соңына дейін (қаңтар–наурыз) коммуналдық тарифтерді барлық тұтынушылар үшін көтеру уақытша тоқтатылды. 2025 жылғы 16 қазаннан бері АИ-92 маркалы бензин мен дизель отыны бағасының өсуіне мораторий енгізілген, оны 1 сәуірде алып тастау жоспарланып отыр.
Ұлттық банктің келесі жоспарлы шешімі 6 наурызда жарияланады.