Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Ұлттық банкке бағаның өсуін тежеп, инфляцияны қалыпты деңгейге түсіру бойынша шұғыл әрі нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесі халықтың нақты табысының артуымен өлшенетінін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Президент инфляцияның неліктен жоғары болып тұрғаны сарапшыларға да, шенеуніктерге де аян екенін атап өтті. Ендігі кезекте Үкімет пен Ұлттық банкке бірлескен нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеу жүктелді. Алайда ұсынылатын қадамдар елдің жалпы экономикалық дамуына кедергі келтірмеуі тиіс.
«Қолайсыз ахуалды шұғыл ретке келтіру қажет. Биылдан бастап үш жыл қатарынан инфляцияны төмендету үшін нақты шаралар қабылдау керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы шенеуніктер арасындағы қағазбастылық пен жауапкершіліктен қашу әрекеттерін қатаң сынға алды. Оның айтуынша, нақты істің орнын бос сөзбен толтырып, мазмұнсыз «жол карталарын» әзірлеуге жол берілмейді.
«Мәселені шешудің орнына қажетсіз құжаттар жасау – жауапкершіліктен қашу. Алдын ала ескертемін: ондай жағдайда қатаң шаралар қолданылады», – деп ескертті Президент.
Тоқаев инфляцияны төмендету тек статистикалық мәлімет үшін емес, халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін жасалатынын айтты. Тек азаматтардың табысы нақты өскен жағдайда ғана атқарылған жұмыс нәтижелі деп саналмақ.