×

Қазақстан АҚШ-қа «Лукойлдағы» үлесті сатып алатын құқығы бар екенін ескертті

ҚазМұнайГаз «Лукойлмен» қазақстандық активтердің болашағы жөнінде келіссөздер жүріп жатқанын растады

Қазақстан АҚШ-қа «Лукойлдағы» үлесті сатып алатын құқығы бар екенін ескертті
Коллаж: Qaz365.kz

Әлемдік саясат пен мұнай нарығындағы өзгерістер үдеген тұста Қазақстан өз ұстанымын ашық білдірді. Елдің Энергетика министрлігі АҚШ Қаржы министрлігіне қарасты Office of Foreign Assets Control мекемесіне «Лукойлдың» бірлескен жобалардағы үлесін сатып алуға Қазақстанның басым құқығы бар екенін ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz Interfax сайтына сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, бұл  рұқсат сұрау емес, заңмен бекітілген құқық туралы ресми ескерту. Қазақстан жер қойнауын пайдалану туралы ұлттық заңнамаға сәйкес стратегиялық жобалардағы үлесті бірінші кезекте сатып алуға құқылы.

«OFAC-қа (АҚШ Қаржы министрлігіне қарасты Шетелдік активтерді бақылау басқармасы) жолданған хаттың мақсаты – Қазақстан Республикасының жобалардағы үлесті басым құқықпен сатып алу құқығын хабарлау ғана», – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

Министрлік елдің құқығы Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекстің 43-бабында нақты көрсетілгенін еске салды. Яғни, егер серіктес компания өз үлесін сатуға ниет білдірсе, мемлекет сол үлесті алдымен өзі қарауға мүмкіндік алады. Бұған дейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстан түрлі мүмкіндіктерді қарап жатқанын айтқан еді. Үлесті сатып алу тек ақшалай төлеммен шектелмеуі мүмкін. Әңгіме ел экономикасы үшін маңызы зор жобалар туралы болып отыр.

Еске салайық, ЛУКОЙЛ өткен жылы АҚШ-тың санкциялық тізіміне енгізілген. Осыдан кейін компания шетелдегі активтерін сатқысы келетінін жария еткен болатын. Алайда бірқатар мәмілелер санкциялық шектеулерге байланысты жүзеге аспай қалды. Ал Қазақстан аумағындағы бірқатар жобалар санкциялық шектеулерге іліккен жоқ. Атап айтқанда, Теңіз және Қарашығанақ кен орындарын игеру жұмыстары, сондай-ақ Каспий құбыр консорциумының қызметі бұл шектеулерден тыс қалды.

Айта кетейік, «ЛУКОЙЛ» – Ресейлік ірі мұнай компаниясы. 1990-жылдардан бері Қазақстандағы стратегиялық жобаларға қатысып келеді. Ең басты жобалары – Теңіз және Қарашығанақ кен орындары. Бұл жобалар Қазақстаннан сыртқа шығатын мұнайдың көп бөлігін қамтамасыз етеді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →