Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен сыртқы сауда және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі Ведомствоаралық комиссия отырысында елдің азық-түлік және экономикалық қауіпсіздігіне қатысты бірқатар маңызды шешім қабылданды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жиында ішкі нарықтағы бағаның тұрақтануы және жеткілікті қордың болуы ескеріліп, картоп экспортына уақытша шектеу енгізудің қажеті жоқ деген шешім қабылданды.
Сонымен қатар сиыр етін экспорттаушыларға квота беру талаптарын жеңілдету жоспарланып отыр. Қолданыстағы тәртіп бойынша квота алу үшін кемінде 5 мың басқа арналған бордақылау алаңы мен жеке ет комбинаты болуы тиіс. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы талаптарға өзгеріс енгізбек.
Отырыста Үкімет бекіткен Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары да ескерілді. Құжат бойынша ірі қара мал санын 7,9 млн бастан 12 млн басқа дейін арттыру, сондай-ақ қазақстандық сиыр етінің экспорттық әлеуетін күшейту және жаңа нарықтарға шығару көзделген.
Сонымен бірге аналық мал басын сақтау және отандық қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстаннан ірі қара мен ұсақ малдың аналық басын, сондай-ақ бұқашықтарды, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне шығаруға қойылған тыйымды ұзарту туралы шешім қабылданды.
Комиссия отырысында тағы бір маңызды шешім – алты айға дейін тауық жұмыртқасын ЕАЭО елдерінен импорттауға тыйым салу. Қазіргі уақытта Қазақстанда 70 құс фабрикасы жұмыс істейді. Оның 34-і жұмыртқа өндіреді. 2025 жылы елде жұмыртқа өндірісі 2,4%-ға өсіп, 4,5 млрд данадан асқан. Ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесі 98%-ды құрайды.
Сондай-ақ жиында теміржол жылжымалы құрамы мен теміржол төсемінің элементтері үшін құрамдас бөлшектерді үшінші елдерден импорттауға шектеу енгізу мәселесі қаралды. Талқылау барысында отандық өндірушілердің, локомотив жасаушылардың және тұтынушылардың, оның ішінде «Қазақстан темір жолы» компаниясының пікірлері тыңдалды.
Нәтижесінде мұндай импортқа шектеу енгізу орынсыз деген шешім қабылданды. Сонымен қатар «Қазақстан темір жолы» компаниясына теміржол техникасына арналған қосалқы бөлшектер мен теміржол төсемі элементтерін сатып алу кезінде отандық өндірушілерге басымдық беру тапсырылды.