×

Қазақстанда өндірісті қалай дамытамыз?

Тек шикізатты өңдеп қана қоймай, өнім өндіруді қолға алу керек
 

Қазақстанда өндірісті қалай дамытамыз?
Ашық дереккөздерден

Елдің дамуы – әуелі экономиканың өсуі мен халықтың әл-ауқатының жақсаруымен өлшенеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Экономика үнемі үдеріс үстінде ілгері жылжып отырады. Ол үшін мемлекет жерасты және жерүсті байлығын мейлінше тиімді пайдалануы тиіс. Мұның бір игілігін жергілікті халық та көріп, жұмыссыздық мәселесі азайса, нұр үстіне нұр болар еді.

Бұрын «әуелі экономика, сосын саясат» деген түсінік болды. Иә, экономика өспей, тұрақтылық орнамай, мемлекеттің де дамуы мүмкін емес. Бұл мақсатта елімізде түрлі бағдарлама қабылданды да. Соның бірі – индустриялық-инновациялық даму бағыты бойынша өңдеу секторындағы бәсекені арттыру, экспорт нарығын кеңейту, жаңа технология құралдарының арқасында тұрақты өсімге қол жеткізу саясаты. 

Еске сала кетсек, бұл бағдарламаның алғашқы легі 2015-2019 жылдары жүзеге асқан. Сол кездегі көрсеткішке көз жүгіртсек, өңдеу өнеркәсібі шамамен 45 трлн теңгеге жетіп, тұрақты өсім артыпты. Елдегі шағын және орта кәсіпкерлік түрі көбейіп, кәсіпорындар жұмысының тиімділігі жақсарған. Осы бес жылда іске асқан «Индустрияландыру картасы» жобалары бойынша  жалпы құны 5 трлен теңге жұмсалған 600-ге жуық жоба іске қосылды. Кейбір деректерде бұл 84 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнының ашылуына септескені айтылды. Сондай-ақ, бағдарлама аясында индустриялық және арнайы экономикалық аймақтар бой көтеріп, қазір содан 13 арнайы экономикалық және 23 индустриялық аймақ жұмыс істеп тұрған көрінеді.   

Алайда даму бағдарламасы барысында арнайы телекөпір арқылы іске қосылған кейбір өндіріс ошақтары жұмыс істеп тұр ма? Бұл тұрғыда тамақ өнімдері, құрылыс материалдары мен машина жасау саласындағы жобалар ел игілігіне қызмет етуде. Ал кейбір өндіріс орындарының көп ұзамай жабылып қалғаны туралы мәлімет те тарады.   

Бұдан кейін алдыңғы жобаның жалғасы іспеттес, 2020-2025 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама бәсекеге қабілетті болу, кластерлік дамыту және инновацияны жаппай енгізу сияқты талаптар жүктеді. Яғни, өндіріс көлемін арттыру арқылы еңбек өнімділігі мен арнайы жаңа технология құралдары нәтижесінде индустрияны дамыту. Былтыр аяқталған бағдарлама әу бастағы жоспарын орындап, ел экономикасында ілгерілеушілік байқала ма? Соңғы жылдары басқалармен салыстырғанда өңдеу кәсіпорындары көбейіп, жаңа өндіріс ошақтары іске қосылса да, жаңа технология мен инновацияны енгізу жұмысы баяу көрінеді. Одан бөлек арнайы ғылыми зерттеу мен өндіріс мекемелері арасында байланыс дұрыс жолға қойылмаған. Ең бастысы, елімізде экспорттың негізгі бөлігі әлі шикізатқа тәуелді.

Бұл тұрғыда экономист Айдос Тұрсынбаев бағдарлама қандай да бір нәтиже көрсеткенмен, ел күткендегідей болмағанын алға тартады.

«Индустриялық-инновациялық бағдарламаның басты көрсеткіші – өндірістік инфрақұрылымның дамуымен байланысты. Өкініштісі, біз технологиялық серпіліс жасай алмай келеміз. Кәсіпорынның көпшілігі импорттық технологияға тәуелді. Сондықтан алдағы уақытта басты назарды ғылым мен өндіріс үдерісіне аудару керек. Яғни, ғылым нәтижесін өндіріске енгізіп, пайдасын көргенде ғана индустрия дами түседі», – дейді.

Ал индустрия саласындағы тағы бір сарапшы Гүлмира Сәрсенова  тек шикізатты өңдеп қана қоймай, өнім өндіру керектігін жеткізді. Ол үшін мемлекет тарапынан ірі кәсіпорындарға қолдау көрсету маңызды екенін жасырмады. 

  

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →