Өңдеу секторында машина жасау саласы, тамақ және химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру әлдеқайда көш ілгері
Қазақстан табиғи байлыққа кенде емес. Мұны біз әркез айтып келдік те. Алайда «Экономиканы әртараптандыру саясатын ілгерілетеміз десек, қашанғы шикізатқа тәуелді боламыз?» деген сауал кесе-көлденеңдейтіні рас, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл мақсатта соңғы 10-15 жылдың көлемінде әртүрлі бағдарлама, жоба қабылданды. Бұлар түбегейлі жүзеге асып кетпесе де, там-тұмдап тигізген пайдасы бар. Соның ішінде индустриялық-инновациялық дамудың бағыттары қарастырылып, өндірістік әлеуетті нығайту барысында өңдеу секторына көңіл бөлу басымдыққа ие болды.
Жаңа өнеркәсіптік саясаттың басты мақсаты неде? Бұл – мемлекет иек артқан экономикадағы негізгі салаларды қолдау. Яғни, шикізатқа тәуелді экономиканы өңдеуші бағыттағы экономикаға көшіру, соған сәйкес өндіріс ошақтарына жоғары технологияны, оның ішінде цифрландыру мен автоматтандыруды енгізу арқылы дамыту, мейлінше экспортқа шығаратын өнімдердің көлемін арттыру. Мұның нәтижесінде шикізатты өңдеу арқылы экспорт табысы артып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Ең негізгісі, ішкі нарық біртіндеп импортқа тәуелділіктен арыла бастайды.
Ал өңдеу секторында айтарлықтай әзірге көзге түсіп жатқан машина жасау саласы, тамақ және химия өнеркәсібі, сондай-ақ құрылыс материалдарын өндіру әлдеқайда көш ілгері. Бұл әлі де аздық етеді. Себебі өнімділік көрсеткіші біз күткендей болу үшін кәсіпорындар заманауи құралдармен жабдықталып, өндіріс жұмысы автоматтандыруға көшу керек. Өнертапқыштар ойлап тауып жатқан һәм ғалымдар енгізген жаңалықтарды өндіріске енгізсек, интеграцияланып, жаңа инновациялық өнімнің пайда болуына алып келеді. Сондықтан бұл саясатты жүзеге асыруда технология жағынан артта қалу, білікті мамандар жетіспеушілігі, ғылыми-зерттеу жобалардың сапалы бола түсуіне мүмкіндік бермеу, шағын кәсіпкерліктің өндірістегі үлесінің аздығы кері әсерін тигізеді.
Демек, жаңа өнеркәсіптік саясатты жүргізуге тек мемлекет тарапынан жасалатын қолдау жеткіліксіз. Кәсіпкерлік пен ғылым әркез тығыз байланысты қарым-қатынас орнатып, тұрақты институционал орта болуы қажет. Бұл жұмыс қаржыдан бөлек, басқару және адам капиталының көмегімен іске асырылады.
Мамандар шикізатқа тәуелділіктен арылып, қосылған құны жоғары өнім өндіруге көшу керектігін айтып жүр. Себебі, сонда ғана экономикада тұрақты даму болады. Экономист-сарапшы Айдос Нұрпейісовтің пікірінше, кейінгі кезде өнеркәсіптік саясатта қандай да бір жағымды жаңалық байқалғанымен, толыққанды нәтижеге жету үшін нақты тетікке күш салу керек.
«Еліміз жылдар бойы шикізат экспортына сүйеніп келді. Бұл үрдіс қысқа уақытта табыс көрсеткенімен, ұзақ даму жолында экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ете алмайды. Сол себептен өңдеу өнеркәсібін дамыту – күн тәртібінен түспейтін бағыт», – дейді сарапшы.
Яғни, көлемнен бұрын технолоиялық мүмкіндіктердің көмегімен бәсекеге қабілетті өнім шығару қажет. Шикізатты ғана өңдеп қоймай, дайын өнімді эскпортқа шығаратын күн туу үшін мемлекет индустриялық және арнайы құрылған экономикалық аймақтарды дамытудың нәтижесінде өндіріс ошақтарын түгелдей жаңа құралдармен жабдықтап, бәсекеге қабілетті маман дайындалуына және тұрақты инвестиция тартуға көңіл бөлуі тиіс. Ең әуелі инвестицияның басқа емес, отандық өндіріс ошақтарына келуін қамтамасыз етсе, екінші – қаржыландыру тетігі бойынша жеңілдетілген несие мен қолдауды көбейтсе, бұл салада да жаңа өндіріс түрлерін ашуға мүмкіндік туатыны сөзсіз.