Жапонияның INPEX компаниясы Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты Орталық Азияда, соның ішінде Қазақстанда өндірілетін мұнайдың бір бөлігін өз елінің ішкі нарығына бағыттауды көздеп отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Нарыққа сілтеме жасап.
Жоба аясында негізгі назар Қазақстандағы Қашаған кен орнына аударылмақ. Қазіргі таңда аталған кен орнында тәулігіне шамамен 430 мың баррель мұнай өндіріледі. Сонымен қатар жапондық инвесторлар Әзербайжандағы «Азери–Чыраг–Гюнешли» жобасы арқылы да шикізат тасымалын әртараптандыруға ниетті. Бұған дейін INPEX өзі қатысатын жобалардағы мұнай көлемін негізінен Еуропа елдеріне сатып келген болатын.
Бұл қадамның басты себебі — Жапонияның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қазіргі таңда Жапония мұнай импортының 90 пайыздан астамын Таяу Шығыс елдерінен алады. Егер аймақтағы қақтығыстар салдарынан Ормуз бұғазы жабылып қалса, бұл ел экономикасы үшін үлкен қатер тудыруы мүмкін.
Логистикалық тұрғыдан Қазақстаннан Жапонияға дейін мұнай тасымалдау 35 күннен 55 күнге дейін уақытты алады. Бұл Парсы шығанағынан келетін 20 күндік жолмен салыстырғанда ұзақ әрі қымбат болғанымен, жапон тарапы мұны шикізат көздерін тұрақтандырудың тиімді жолы деп есептейді.