Астанада өткен геологиялық форумда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Құрманғазы Есқазиев елімізде ресурстық әлеуеті жағынан Қашағанмен деңгейлес жаңа мұнай кен орны табылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Маманның айтуынша, геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде «Жылыой карбонат платформасы» айтарлықтай үмітті ақтап отыр.
Жаңадан ашылған Қаратон, Қажығали және Жылыой карбонатты массивтерінің құрылымы Қашаған кен орнына ұқсас. Бұл массивтің ресурстық әлеуеті 4,7 млрд тонна көмірсутекті құрайды. Құрманғазы Есқазиевтің сөзінше, жаңа кен орнының басты артықшылығы – оның құрлықта орналасуында. Бұл теңіз қайраңындағы Қашағанмен салыстырғанда капиталдық шығындарды едәуір азайтуға мүмкіндік береді.
Қаратон учаскесінде 5750 метр тереңдікке дейін жүргізілген бұрғылау жұмыстары оң нәтиже беріп, 5 перспективалы нысан анықталған. Сәтті көрсеткіштерден кейін барлау жұмыстары Қажығали учаскесінде де кеңейтілмек. Қазіргі уақытта жер қойнауын пайдалану құқығын алу бойынша тиісті келіссөздер жүріп жатыр.
Жоба қолданыстағы өнімді бөлу туралы келісімдерден (ӨБК) бөлек жүзеге асырылады. «ҚазМұнайГаз» өкілі жаңа кен орнын игеруге стратегиялық серіктестер тартылатынын, олардың қатарында ресейлік «Татнефть» компаниясы да бар екенін атап өтті. Жалпы алғанда, Жылыой карбонатты массивінің жалпы әлеуеті 20 млрд тонна шартты отынға бағаланып отыр.