«Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесі «Кең баба» және «Қиял әлемі» саябақтарына толық аяқталған, кешендік жұмыстар жүргізбек ниетпен мемлекеттік сатып алу жариялаған. Жобасын сызудан бастап, құрылысына дейін қамтылатын бастан-аяқ жұмысқа қала билігі 2 690 865 649 теңге қаражат бөліп отыр. Жоба әл-Фараби ауданында іске асады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қандай жоспар бар?
Мемлекеттік сатып алу туралы айтсақ, мұнда жобалап, құжаттардан жасаудан бастап құрылыс, инженерлік жабдықтарды монтаждауға дейінгі бүкіл жұмыс қамтылуы керек деп көрсетілген. Оған қоса, энергияны үнемдеу, бейнебақылау сынды тұстарға ерекше мән беріледі деген. Күні кеше, 6 сәуірде жарияланған хабарландыру бойынша өтінімдер әлі 10 күндей қабылданады. Өтінім қабылдау аяқталатын күн шамамен 16 сәуір деп көрсетіліпті. Сондықтан әзірге бұл ауқымды жұмыс кімнің мойнына артылатыны белгісіз.
Өнім берушілерге қандай талап қойылып отыр?
Құжаттарды шолып шықтық. Ол жерде былай көрсетілген:
Құрылыс жобасын қалай ұйымдастыратынын жоба қылып жасау, сметасын қазақстандық нормаларға сәйкестендіріп әзірлеу керек;
Жобаны мүдделі органдармен түгелдей келісе отырып жасау керек;
Сапалы материалдарды пайдаланып, соның ішінде отандық өндірушілерге басымдық беруі керек;
Қажет болса, ескі нысандар мен инженерлік коммуникацияларға демонтаж жасауға болады.
Не нәрсеге баса мән беру керек?
Саябақтарды қайта жаңғырту - өте ауқымды іс. Қолға алып, іске асырған жағдайда бұл қалаға көрік беретіні сөзсіз. Дегенмен іс жүзінде мұндай жобаларда көбіне құрылыс процесінде мәселе көп болады. Дер кезінде бітірмей, мерзімді созуы мүмкін. Болмаса, алған материалдардың сапасы сай келмей, кейіннен сынның астында қалып жататын кез аз болған жоқ. Өнім берушінің үстінен бақылап, қадағалау мәселесі де жоқ емес. Біз аталған жобаның барысын назарда ұстап, оқырманға жұмыстардың қалай атқарылып жатқаны жайлы ақпарат беріп отырамыз.