Оңтүстік Корея президенті әкімшілігінің басшысы Кан Хун-сик Ормуз бұғазы арқылы тасымалдың тоқтауына байланысты Қазақстан, Оман және Сауд Арабиясына арнайы сапармен келеді. Сапардың басты мақсаты – елге шикі мұнай мен нафта жеткізудің балама жолдарын қамтамасыз ету, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Reuters-ке сілтеме жасап..
Президент әкімшілігінің өкілі Ли Чжэ Мённің айтуынша, Кан Хун-сик арнайы елші ретінде шет мемлекеттердің үкіметтерімен, энергетикалық компанияларымен және кеме операторларымен келіссөздер жүргізеді. Бұл қадам стратегиялық тауарлардың, соның ішінде медициналық өнімдердің ел порттарына тұрақты жеткізілуін сақтап қалу үшін жасалып отыр. Оңтүстік Корея шикі мұнай импортының 61%-ы, ал нафтаның 54%-ы бойынша дәл осы Ормуз бағытына тәуелді.
Қазіргі таңда Оңтүстік Корея шикі мұнайдың 70%-ын Таяу Шығыс елдерінен алады, бұл оны жеткізу тізбегіндегі іркілістер мен баға ауытқуларына тым осал етіп отыр. Иранмен арадағы соғыс басталғалы бері елдегі мұнай өңдеу зауыттарының орташа жүктемесі 10%-ға төмендеп, нафтаның ішкі нарыққа түсімі 10-20%-ға азайған.
Бұған дейін хабарланғандай, АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыстар салдарынан Ормуз бұғазы арқылы кемелердің өтуі қиындаған болатын. Осы жағдайда Сеул өзінің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Орталық Азиядағы ірі мұнай экспорттаушы ел – Қазақстанмен ынтымақтастықты арттыруды көздеп отыр.