Науқас бойжеткеннің бойына бала біткен.
Түркістан облысында психикалық ауытқуы бар мекемеге жатқызылған бойжеткен емделудің орнына жүкті болып шыққан, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл жайлы екі бойжеткеннің анасы мәлімдеді. Кәмелет жасына толмаған олардың бірі тіпті ауруханадан емделіп шығудың орнына жүкті болып шыққан дейді. Осыған қарамастан науқастарға азғындық жасады деген орталық қызметкерлері әлі күнге дейін жауапқа тартылмаған.
БАҚ-қа арызданған ана бет-жүзін көрсеткісі келмейді. Ол – психикалық ауытқушылығы бар бойжеткеннің анасы. 17 жастағы қызына үш жыл бұрын шизофрения диагнозы қойылып, содан бері психикалық денсаулық орталығында ем алған. Алайда облыстық мекемеге емдеуге жіберген қызы қорланып келген. Зорлықтың қашан басталғаны белгісіз. Белгілісі науқастың бойына бала біткенін анасы екі ай өткенде білген.
«Узиге апардым. Сол кезде 10 апта 4 күн деп берді. Бір емес екі узиге түсірдік. Сол кезде екі жарым айлық екенін білдік. Қызым айтты тергеуде «темір кереуетке, теледидар бөлмесінде, камерасы жоқ жерде аяқ-қолын темір кроватқа байлап, тартып, ұйықтататын аминазин деген уколды салып тұрып, екі санитар істеген екен. Камерасы жоқ жерде баспалдақта істеген екен. Тағы шатырға шығарып істеген екен. Төбені жинайды деп шығарады», - дейді анасы.
Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығында жатып қызметкерлерге қорландым деген тағы бір бойжеткен бар. 21 жастағы науқас болған жайды бірден жақындарына мәлімдеген. Жәбірленушіден анализ де алынған. Алайда арызды бірден қабылдамаған құзырлы орган өкілдері үш айдан бері қол қусырып отыр дейді зорлық көрдім деген қыздың анасы.
«Осы екі санитардың үстінен арызданғанбыз. Қылмыстық іс қозғалып, ешқандай әрекет істеп жатқан жоқ. Бармаған жерім қалмады. Жазуындай жазып жатырмын. Камераны да бізге көрсетпеді ғой. Одан кейін амал жоқ адвокат жалдадым. Адвокатпен барып, камераны алдық. Бірақ оны көруге маған мүмкіндік бермеді. Мүмкін арасында өздері тазалап өшіріп тастаған шығар. Не тергеуші көрсетпейді», - дейді ол.
Түркістан облысының психикалық денсаулық орталығы аталған жайт бойынша пікір білдіруден бас тартқан. Ал арызды бірнеше айдан кейін қабылдады деген полицейлер әлі күнге дейін сараптама жүргізіліп жатқанын жеткізген.
Ал Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы полиция басқармасының бастығы Батыр Мырзагелдиев аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптамалар өткізіліп жатқанын хабарлайды.
Жындыханада зорландым деген екі науқас та қазір үйінде. Кәмелет жасына толмай жүкті болып шыққан біреуі жүйкесі жұқарып жасанды түсік жасатқан. Ата-аналары енді қайтара психикалық денсаулық орталығына жібермек.