×

Сот Қызылордада жыныстық құлдықта болған оқушы ісі бойынша үкім шығарды

Одан өзге тағы 3 қылмыстық іс бойынша сот процесі жүріп жатыр

Сот Қызылордада жыныстық құлдықта болған оқушы ісі бойынша  үкім шығарды
Сурет: fmklawgroup.com

Қызылордада жыныстық құлдықта болған оқушы ісі бойынша тағы бір адамға үкім шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы Қызылорда облысының Кәмелетке толмағандар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді.   

“Сотталушы жәбірленушінің кәмелетке толмағанын біле тұра, оны бопсалап, жезөкшелікпен айналысуға бірнеше рет мәжбүрлеген. Ол бірнеше рет жер телімдерін бір мезгілде бірнеше тұлғаға сатқан, облыстағы жергілікті атқарушы органдарға жұмысқа орналастыруға байланысты алаяқтық әрекеттерге барған. Сот "кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тартты", "алаяқтық жасады" деп айыпталған сотталушыны 6 жыл 8 айға бостандығынан айырды”, – делінген сот үкімінде.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Соттың ақпаратынша, қорғау жағы сотталушыны "Кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту" бабы бойынша ақтауды өтініп, ал алаяқтық фактісі бойынша бас бостандығынан айырмауды сұраған.

Сот жәбірленуші деп танылған оқушыға байланысты тағы "Жеңгетайлық" бабы бойынша 2 іс, "Есірткі, психотроптық заттарды тұтынуға көндіру" бабы бойынша 1 іс қаралып жатқанын айтты. Жәбірленуші мен кейбір күдіктілер кәмелет жасқа толмағандықтан сот жабық өтіп жатыр.

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →