Дәрігерлер науқаста инфаркттың алғашқы белгілерін байқаған
65 жастағы науқас клиникада жасалған процедурадан соң жағдайының күрт нашарлап кеткенін айтады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
Дәрігерлер науқаста инфаркттың алғашқы белгілерін байқап, ем-шараны бастаудың орнына, жедел жәрдеммен өзге ауруханаға жібере салыпты.
«Соның кесірінен ажал құша жаздадым» – дейді ер адам. Осы жағдайдан кейін медициналық орталықта тексеріс жүргізіліп, өрескел заңбұзушылықтар анықталған көрінеді. Десе де, бұл клиникадағылар «жұмысымызда мін жоқ» деп отыр. 65 жастағы Бауыржан Құндақбаев қазір дәрісіз қалыпты өмір сүре алмайды. Науқас осыған дейін үш рет инфаркт алған. Соңғы жағдайда, тіпті, өлім аузынан аман қалыпты. Ол мамырда мына медициналық орталыққа электрокардиография жасату үшін барған. Бірақ дәрігерлер коронарография деген процедура жасап, жағдайым күрт нашарлап кетті дейді ер адам.
— Шыдай алмай кеткен кезде айттым: «қараңдаршы, асқынып тұр, денем қалшылдап отырмын». Сол кезде барып, «сізде инфаркт екен» деді. Өздері келісті де, жедел жәрдем шақырайық деді. Шын мәнінде өлім аузында жатқан адамды бұлар алды да, басқа ауруханаға жіберді. Ауқымды инфаркт алып жатқан адамды сол жерден бұлар ешқайда жібермей, емдеуі керек еді, не болса да. Қалай бұлар қорықпай, мені жедел жәрдем көлігіне салып, анау-мынау ауруханаға деді?! – деді Бауыржан Құндақбаев.
Науқас жедел жәрдеммен қаланың өзге бөлігіндегі кардиология институтына жеткізіліпті. Онда Бауыржан Құндақбаевқа төрт сағат ота жасалған. Дәрігерлер ер адамды ажалдан әрең арашалап қалған көрінеді.
«Көрер жарығым бар екен» деген науқас жеке клиникадағы ақ халаттылардың шұғыл көмек көрсетпегеніне қапалы. Ал мұндағы мамандар оның сөзін жоққа шығарып отыр әрі шұғыл кардиологиялық көмек көрсетуге құжат жүзінде рұқсатымыз жоқ дейді.
— Әрине, жедел көмек көрсетілуі керек. Біз қаланың денсаулық сақтау басқармасы бұйрығы бойынша жұмыс істейміз. Наурыздан бастап, бұл «Хирургия институты» ЖШС-де көрсетілмейді, жедел кооранарлық синдром кезінде, яғни инфаркт болып жатыр» деген сөз, «басталып жатыр» деген сөз. Ол бізде көрсетілмейді. Сондықтан бұйрық бойынша біз оны жатқызып, емдей алмадық, – деді «Хирургия институты» ЖШС кардиология бөлімінің меңгерушісі Нұржамал Қаражанова.
Осы жағдайдан соң, науқастың шағымы бойынша Алматы қаласының бас штаттан тыс кардиологы бастаған топ клиникада тексеріс жүргіпті. Мониторинг қорытындысы әлеуметтік желілерде жарияланып та үлгерген. Оған сәйкес, мамандар бұл жерден бірнеше өрескел заңбұзушылық анықтаған. Мәселен, клиникада науқастарға дұрыс диагноз қойылмаған, ауру тарихы да жөнді жүргізілмеген. Соның кесірінен бір адам ажал құшқан көрінеді.
— Орталықта арнайы балалар кардиохирургы болмаса да, 2 балаға ашық ота жасалған. Тағы бір ересек науқасты хаттамаға сәйкес емдемеген. Яғни коронарографияның орнына ота жасалып, соның салдарынан науқас қайтыс болған. Мұндай жағдайлар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығын өрескел бұзу болып есептеледі, – делінген Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.
Сондықтан тексеріс жүргізген мамандар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына «Хирургия институты» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігін шұғыл және жоспарлы кардиологиялық, кардиохирургиялық және аритмологиялық көмектерден шеттетуді ұсыныпты.