Тергеу барысында олардан діни әдебиет және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленген
Алматы, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында теріс діни ағымындағы радикалдар ұсталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметі мәлімдеді.
“ҰҚК Алматы қаласында, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында діни радикалдар әрекетінің жолын кесті. Терроризмді, оның ішінде телекоммуникация желілерін пайдалану арқылы насихаттады деген күдікпен 3 адам қамауға алынды. Екі фигурант бұрын денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені, қарақшылық жасағаны, есірткі заттарын заңсыз алғаны және сақтағаны үшін сотталған. Тағы біреуі бұрын шетелдік содырлар лагерлерінде дайындықтан өтіп, Қазақстанға тапсырмамен оралған, сонда ұсталып, сотталған. Ұзақ мерзімді жазасын өтеп бостандыққа шыққаннан кейін де радикалды идеологиядан бас тартпаған. Тергеу әрекеттері барысында олардың тұрғылықты мекенжайлары бойынша діни әдебиет және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді”, – делінген ҰҚК мәлімдемесінде.
Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты қылмыстық кодекстің 256-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру істері жүргізілуде.