Соңғы екі жылда қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 130 қару табылған
Қазақстанның бірнеше өңірінен қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қарулар табылып, тәркіленді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметі мәлімдеп отыр.
“Ведомство жыл басынан бері 20 атыс және травматикалық қаруды тәркілеген, оның 4-уі қаңтар оқиғасы кезінде жоғалған. Сондай-ақ 6 граната және 150-ден астам оқ-дәрі заңсыз айналымнан алынған. Соңғы екі жылда ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністері заңсыз айналымнан 1000-нан астам қару-жарақ тәркіледі, оның ішінде қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 130 қару бар. Бұл бағыттағы жұмыс Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Алматы, Тараз қалаларында және Алматы облысында қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған келесідей қарулар табылған:
- Алматының Түрксіб ауданында қару жасырылған жер анықталып, онда 3 шолақ мылтық, 3 тапанша, 4 граната, шамамен 50 патрон және қаңтар оқиғасы кезінде қару-жарақ дүкенінен ұрланған карабин тәркіленді.
- Тараз қаласында 2 шолақ мылтық және қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған жауынгерлік арбалет табылды.
- Алматы облысында 2 қару, РГД-5 гранатасы және Калашников автоматының 20 патроны, сондай-ақ қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 2 Макаров тапаншасы табылды.