Павлодарда математика пәнінің мұғалімі тақта алдында есеп шығарып тұрған оқушының арқасына бұранда тығып алған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оқиға сыныптағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Павлодардың білім бөлімі оқиғаның мән-жайын түсіндірді.
Тоғызыншы сыныпта алгебра сабағында математика пәнінің мұғалімі тақтада тұрған оқушының жанынан өтіп бара жатып, белгісіз затпен нұқып жіберген. Мұғалімнің бұл әрекеті бақылау камерасына түсіп қалған. Видеода мұғалімнің шкаф бұрандасын шығарып алып, сосын оқушыға тығып алғанын көруге болады, – деп түсіндірді Павлодар қалалық білім басқармасының басшысы Қуаныш Қыдралин.
Мектеп директоры мұғалімнің жұмыстан шығарылғанын мәлімдеді. Мұғалімнің бұл әрекетіне не себеп болғаны туралы айтылмады.
Павлодар облысының Полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Полиция қызметкерлері көрінеу кәмелетке толмаған адамды ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттері фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр", - деп жауап берді Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.
Бұған дейін желтоқсан айында Павлодардағы мектептердің бірінде оқушыны ұрған мұғалімнің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын жазған едік.