×

«Енді 5 жыл шыдасам дейтін»: Ұлытау облысында қаза болған кенші жер қойнына тапсырылды

Марқұмның артында төрт баласы мен келіншегі қалды

«Енді 5 жыл шыдасам дейтін»: Ұлытау облысында қаза болған кенші жер қойнына тапсырылды

Ұлытау облысында шахтадағы жарылыстан қаза тапқан түркістандық Бақытбек Жұмаділлаевті жақындары бүгін жер қойнына тапсырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

49 жастағы кеншінің жаназасына Түркістан облысының әкімі мен «Жомарт» кенішінің өкілдері келген. Марқұмның артында кәмелет жасына толмаған төрт баласы мен келіншегі қалды. Ұлдарының үлкені 11 жаста болса, кішісі небәрі 4 жаста. Үйінің жалғыз асыраушысынан айрылған әйелі қаралы хабарға әлі де сене алмайтынын айтқан.

«17 күні сағат 10.30 кезінде естідім. Ауысымға негізі таңертең түскен. Оқиға бес кезінде болған дейді. Енді бес жыл шыдасам, зейнетке кетем деп жүрген еді. Балажан. Балаларына жақсы қарайтын. Бәріне аңқылдап жаным-ау. Ондай адам жоқ шығар», - дейді марқұмның әйелі Сандуғаш Нұржанова.

Бақытбек Жұмаділлаевтың Түркістаннан Қарағандыға қатынап жұмыс істеп жүргеніне 20 жыл болған. Енді бір бес жылдан кейін зейнетке шығуды жоспарлаған кенші ол күнге жете алмады. Осыны айтып жылаған жақындары мақұмның өте адал әрі ешкіммен қақ-соғы болмағанын айтады. 15 күн Ұлытауда жұмыс істеп, 15 күн Түркістанда өз үйінде болатын төрт баланың әкесі жұмысына 4 күн бұрын ғана барған екен.

«Немқұрайлы кіргізіп отыр ғой. Ол мысалы шахтаға кірерде қол қойып жұмысқа түсті. Бастықтары жарамды деп жіберді. Жарамды болса, неге атылады? Өйткені, ауа айналымы жоқ. Ауа кететін болса, газ атылмас еді. 20 жылдық тәжірибесі бар.. Қанша бейнеті сіңген адам ол жерде. Осы бала-шағасын бағамын деп... Сол айлығы жетсе, неге жақсы үй салмайды?! Шахтаның ақшасы артып жатыр дейсіздер. Ештеңеге де жетпейді ол», - дейді кеншінің туысы Қарлығаш Сәрсенбаева.

Бақытбек отбасының жалғыз асыраушысы болған. Әкесінің жұмыстан келуін күтіп жүрген ұлдары әлі оның ажал құшқанын білмейді. Туыстары Түркістан облысының әкімдігі 1 миллион теңге табыстағанын мәлімдеді. Қара жамылған отбасы баспанадан да бас тартпайтынын айтып отыр. Өйткені, кеншінің отбасы Түркістан қаласындағы аядай үйде тұрып жатыр.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →