Мектеп әкімшілігі мәселені ата-аналар өз арасында шешсін деп айтқан көрінеді
Атырауда бастауыш сынып оқушысы сыныптасын мектеп алдында соққыға жыққан. Басқа балалар болған жайтты видеоға түсіріп алған, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі AtyrauPress-ке сілтеме жасап.
Басылымның жазуынша, зардап шеккен баланың анасы мектеп басшылығы тиісті шаралар қабылдамай отыр дейді.
Бейнежазбадан оқушыны қатарласы ұрып-соққанын, қалған балалардың оқиғаны телефонына түсіріп жатқанын көруге болады.
"Балам 37-інші мектепте окиды. Сабақтан шыққанда сыныптасы ұрған, оны қасында тұрған басқа сыныптастары видеоға түсірген. Видеоны бір ата-ана жіберді, Травмпунтке барып, арыз жаздым. Мектепке осы мәселемен барғанымда директор оқу меңгерушісіне жіберді. Оқу меңгерушісі бұл сабақтан кейін болған оқиға, ата-ана мен сынып жетекшісі болып өздерін шешіңдер деді. Видео болмаса баламды ұрған қатарласының ата-анасы кешірім сұрамады, тек арыз жазып, айыппұл салады дегенімде кешірім беріңіз деп айтты", - делінген видеоға қоса берілген жазбада.
Атырау облысының полиция департаменті бұл жағдай бойынша тексеру жүргізілетінін хабарлады. Заң бұзушылық жасаған жасөспірімнің ата-анасына қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.