×

Перизат Кайрат басқарған Biz Birgemiz қорының тағдыры белгілі болды

Ұйым 2021 жылғы қазанда тіркелген

Перизат Кайрат басқарған  Biz Birgemiz қорының тағдыры белгілі болды
Фото: instagram/01pk

Перизат Қайрат басшысы болған Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық бірлестігі таратылмақ. Бұл туралы Әділет министрлігі өкілдері айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ұйым 2021 жылғы қазанда тіркелген. 2025 жылдың 14 ақпанында оны мәжбүрлі түрде тарату туралы сотқа талап-арыз берілген.

"2025 жылғы 14 ақпанда Астананың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына аталған бірлестікті мемлекеттік тіркеуді заңсыз деп тану және оны мәжбүрлі түрде тарату туралы талап-арыз берілді", – деп хабарлады Әділет министрлігі.

Сотқа жүгінуге негіз болған себеп – Қаржы мониторингі агенттігінің өтініші. Агенттік Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 бірлестігінің құрылуында "заңбұзушылықтар анықталғанын және олардың жойылмайтын сипатта екенін, яғни ұйымды сот шешімімен таратуға негіз бар" екенін мәлімдеді.

Бұған дейін Перизат Қайраттың анасы – Ғайни Алашбаева қылмыстық іске қатысы бар күдікті ретінде танылған болатын. 2024 жылдың 20 желтоқсанында әлеуметтік желілерде оның ұрлық істеріне қатысты күдікке ілінгені туралы ақпарат тараған.

19 ақпанда Мәжіліс кулуарында журналистер Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтен Алашбаеваның бұл іске қатысы бар-жоғын сұрады. Елемесов Ғайни Алашбаева алаяқтыққа қатысы бар және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыруға көмектесті деген күдікке ілінгенін айтты.

Перизат Қайратқа қатысты тергеу аяқталуға жақын, деп мәлімдеді агенттік өкілі. Наурыздың басында тергеу толық аяқталып, іс материалдарымен танысу кезеңіне өтеді.

Айта кетейік, 2024 жылдың қарашасында Перизат Қайраттың 1,5 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікке ілінгені белгілі болған. Бұл қаражат көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек ретінде жиналған.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →