Хат иесі ет жақындарынан кешірім сұрап, оларға балаларын аманаттаған.
Жетісу облысының Сарыөзек ауылында 27 жастағы азамат өз-өзіне қол салған. Туыстары Азат Құдайбергеннің қазасына полиция қызметкерлерін кінәлап отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz. informburo.kz бағдарламасына сілтеме жасап.
Туыстарының айтуынша, тәртіп сақшылары көпбалалы әкеге дүкеннен 300 мың теңге ұрладың деп өзгенің қылмысын мойнына алдыртпақ болған. Бұл жайтты марқұмның өзі жазып, хат қалдырып кеткен екен.
Қайғылы оқиға 20-ақпан күні тапа-тал түсте болған екен. 27 жастағы азаматтың денесі осы жерден табылған. Куәгерлер Азат Құдайбергеновтыңтоқ бағанасында асылып тұрғанын көріпті.
Ол сұмдық қадамға бармас бұрын інісіне қоңырау шалып, көл жағасына келуін өтініпті. Ауыл шетіне іле-шала жеткен жақындары Азат Құдайбергенді көріп, жанұшыра жүгіргендерін айтады. Бірақ тым кеш болған
Мойнына қолымды тығып арқанды шығарамын да, соңғы демі шықты Азаттың аузынан. Сосын мен ойладым әлі оянады дедім де, көкірегінен мыждым. Азат оян-оян деп, аузынан үрлеймін, бетінен ұрам жоқ. Столбтың түбінде қара пакет тұр. Бетінде бас киімі тұр. Қасында телефон, бас киімін көтерсем астында хат жатыр, - дейдімарқұмның інісі Сағат Құдайбергенов.
Хат иесі ет жақындарынан кешірім сұрап, оларға балаларын аманаттаған. Сондай-ақ, өзіне жала жабылғаны, полицейлердің түрмеге отырғызамын деп қысым көрсеткенін жазған. Ал анасы баламды полиция бөлімшесінде ұрып-соқты ма деп күдіктенеді.
18-і тергеген, 19-ы тергеген, 20-сы күні келіп «Жабам, сенің көзіңді құртамын» деген. «Бәрібір сені соттатамын» дегенде балам ыза болып асылып қалып отыр. Оның ішінде ұрды ма, не істеді мен білмеймін. Камераны ашыңдар десек не камераны ашпайды, - дейді, марқұмның анасы Гүлбағиза Оңғарбаева.
Баласынан айырылған ата-ана, әкесіз қалған төрт бала мен жесір жұбайы еңіреп отыр. Олар атпалдай азаматтың өмірмен қош айтысқанына әлі де сене алмайды. Айтуларынша, Сағат пен Азат Құдайбергеновтер бұрын жұмыс істеген дүкеннен 300 мың теңге ұрланған. Полиция ағайындыларды бөлімшеге шақырып, жоғалған ақшаны мойындарына ілмек болған дейді туыстары.
Фото: Orda.kz
Арман-мақсаты да көп болатын, өзіне деген сенімі де көп еді. Бала шағасын өмірінде көп ойлайтын. Асылмайтын адам негізі. Екі күн тергеді ғой, содан бұзылды. Кәдімгідей басқа адам болып шыға келді. Сол кезде ойға кіргізіп, сынып кетті қорқытқаннан болды деп ойлаймын, - дейді марқұмның жұбайы Айнұр Тұрсынова.
Ал облыстық полиция департаментінде осы іске қатысты «Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» бабымен тергеу басталып, сараптама тағайындалған екен.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тараптардың барлық уәжі, мәлімдемелері, сондай-ақ марқұмның туыстары ұсынған мәліметтер тергеу барысында мұқият зерттелетін болады. Тергеу полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында, - дейді полициядағылар.
Марқұмның туыстары істі бұрмаламай, әділ тергеу жүргізуді сұрап отыр.