Куәгерлер абдырап қалды
Алматы әуежайында қызметкерді кепілге алып, пышақпен қорқытқан ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Дәл осы қылмыскердің суық қаруын тартып алып, ұстауға көмектескен Мұса Әбдірайым жағдайдың қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мемлекеттік наградаға ұсынылған азамат әуежайда тілшісіне берген сұхбатында оқиға кезінде ашулы ер адам әуежайдың тексеру қызметкерін шашынан тартып, пышақпен қорқытқанын айтты.
Куәгерлер абдырап қалды. Солардың арасында 52 жастағы Мұса Әбдірайым да бар еді. Ол бұрын кәсіби спортпен айналысқанын, муай-тай мен басқа да жекпе-жек өнерлерін меңгергенін айтады.
Мен тек танысымды шығарып салуға келген едім. Шабуыл жасағанын көріп қалдым. Өмірім үшін емес, тек қыздың қауіпсіздігі үшін алаңдадым, – дейді ол.
Ол еш ойланбастан өзін кепілдікке ұсынды, кейін қаскөймен айқасқа түсіп, оны залалсыздандырды. Қаруды тартып алып, шабуылдаушыны жерге құлатты. Зардап шеккен қызметкер батыл азаматқа алғысын білдірді.
Полиция қызметкерлері де хабарласып, алғыс айтып жатыр. Телефоным тынымсыз шырылдап жатыр, – деп күлімсірейді ол.
Мұса Әбдірайым мұндай жағдайға алғаш рет тап болғанын және ең бастысы – оқиғаның қайғылы аяқталмағанына қуанатынын айтады.