×

"Табыс көзі жоқ": Бишімбаевтың адвокаты оның бұрынғы әйелімен дауына қатысты мәлімдеме жасады

Жарияланым адвокаттың Instagram парақшасында жарияланды

"Табыс көзі жоқ": Бишімбаевтың адвокаты оның бұрынғы әйелімен дауына қатысты мәлімдеме жасады
Сурет: t.me/Jogargy_sot

Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Газымжанов сотталған экс-министрдің бұрынғы жұбайы Назым Қахарман мен Бишімбаевтар отбасы арасындағы алимент дауына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жарияланым Ерлан Газымжановтың Instagram парақшасында жарық көрді.

"Жақында Назым Қахарман БАҚ-та Қуандық Бишімбаевтың отбасы алимент төлеуден толықтай бас тартты деген ақпарат таратты.
Бұл ақпарат шындыққа толық сәйкес келмейді", – деп жазды адвокат.

Оның айтуынша, Қуандық Бишімбаев қазіргі таңда алимент төлеуден бас тартып отырған жоқ, өйткені "бұл – әрбір ата-ананың қасиетті борышы".

"Ол тек алименттік келісімді тоқтатуды немесе оның шарттарын өзгертуді көздеп отыр, себебі қазіргі уақытта оның тұрақты табыс көзі жоқ. Заң бойынша, егер адамның материалдық жағдайы айтарлықтай өзгерсе, мұндай өзгерістерге жол беріледі", – деді ол.

Адвокаттың айтуынша, Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы біраз уақыт бойы өз еркімен ұлдарының орнына алимент төлеп келген.

"Дегенмен, Назым Қахарман Қуандық Бишімбаевтың қарт ата-анасына бірнеше рет ауыр, қорлайтын сөздер айтып, олардың немерелерімен араласуына кедергі келтіріп, балаларды Бишімбаевтар отбасына қарсы қойып, психологиялық тренингтер деген желеумен әлеуметтік желіде оларды қаралағаннан кейін, ата-анасы балалардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жеткілікті деп есептейтін басқа мөлшерде уақытша көмек көрсету туралы шешім қабылдады", – делінген мәлімдемеде.

Бұл шешім алименттік келісімді өзгерту немесе бұзу туралы даудың шешілгенге дейін күшінде болады.

Ерлан Газымжанов бейнежазбада қазіргі уақытта Назым Қахарманға алименттік келісімді өзгерту немесе бұзу туралы ресми ұсыныс жолданғанын да айтты.

"10 сәуірге дейін жауап болады деп үміттенеміз. Егер Назым біздің ұсынысты қабылдамаса, Қуандық Бишімбаев бұл алимент дауын сот арқылы шешуге мәжбүр болады", – деді адвокат.

Еске салайық, өткен күзде Назым Қахарман Қуандық Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру туралы сотқа талап арыз берген болатын. Алайда бірінші инстанциядағы сот талапты қанағаттандырудан бас тартты.

Сонымен қатар, Қахарман өз түсіндірмесінде Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыруға негіз болған екі жайтты атап өткен: отбасы мүшесінің өліміне себепкер болуы және балаларға қатысты психологиялық зорлық-зомбылық көрсетуі.

Апелляциялық сот шешімді өзгеріссіз қалдырды. Сондай-ақ сот отырысы кезінде Бишімбаев балаларының тегін өзгертуге және олардың шетелге шығуына келісім бергені айтылған болатын.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Шымкентте анасын өлтіріп, өртеген жігіт жазадан құтылды
Бүгін, 20:57

Шымкентте анасын өлтіріп, өртеген жігіт жазадан құтылды

Ол параноид шизофренияның созылмалы түріне шалдыққан.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →