×

"15 миллион теңге беріп, жазадан құтылған": Алматыда 13 жастағы қызды зорлаған көршісі бостандықта жүр

Жәбірленушінің әкесі: "Әділдік болмаса қылмыскерді өзім жауапқа тартамын" деп отыр

"15 миллион теңге беріп, жазадан құтылған": Алматыда 13 жастағы қызды зорлаған көршісі бостандықта жүр
Сурет: Shutterstock.com

Алматы қаласының Түрксіб ауданында 13 жастағы қыздың әкесі көршісін қызын зорлады деп айыптады. Алайда айғақтар мен сараптама нәтижелеріне қарамастан, қылмыстық іс тоқтатылған. Бұл туралы жәбірленушінің әкесі мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жәбірленушінің әкесінің айтуынша, 2023 жылы көршісі олардың сеніміне кіріп, сенімхат арқылы баланы мектептен алып кетуге рұқсат алған. Ата-анасы үйде болмаған кезде, қыздың сөзінше, ол ішімдік беріп, әлсіретіп, зорлаған. Болған оқиғадан кейін қыз ұзақ уақыт үндемей, ұялып және салдарынан қорқып жүрген. Кейін ол әкесіне зорлықтың бірнеше рет қайталанғанын және көршінің бұл әрекеттерін телефонына түсіріп отырғанын айтып берген.

«Ол мені қорқытып, біреуге айтсам – жағдайдың одан да қатты жаман болатынын ескертті. Ол бейне түсірілген телефонды танысына сыйлап жіберген болатын. Ал біз полицияға жүгінгеннен кейін оны ол таныс қызынан сатып алдық», – дейді жәбірленуші.

Әкесі сондай-ақ тергеушінің тінтуге рұқсат бермегенін, ал кейіннен істі «қылмыс құрамы жоқ» деп тоқтатқанын айтты. Бұған қарамастан, баланың куәлігі, гинекологиялық сараптаманың қыздық перденің бұзылғанын растауы және күдіктінің бастапқы мойындауы бар болған.

«Ол тергеушінің алдында: “Иә, жақындастық болды, бірақ екі жақты келісіммен” деді. 13 жастағы баланың қандай келісімі болуы мүмкін?!» – деп ашуланады қыздың әкесі.

Әкесінің айтуынша, күдікті полиция қызметкерлеріне 15 миллион теңге беріп, жазадан құтылғанын өз таныстарына ашық айтып жүрген. Әкесі қандай да бір қысым көрсетілсе де бұл істен бас тартпайтынын, қызының куәлігін өзгертпейтінін айтты.
Түрксіб ауданының прокуратурасына шағымданғаннан кейін тергеушінің қылмыстық істі тоқтату туралы қаулысы жойылды. Алайда күдікті әлі ұсталған жоқ.

"Біз қылмыстық істі қайтадан "тоқтатып тастайды" деп қорқамыз. Мен істің жария түрде тексерілуін талап етемін. Өйткені мен одан басқа жолды көрмей отырмын.  Егер әділетсіздік орын алса, қылмыскерді өзім жауапқа тартып қоямын ба деп қорқамын", - дейді әкесі.

Қазіргі уақытта осы факт бойынша Түрксіб ауданының полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.

"Қажетті сараптамалар тағайындалды, болған оқиғаның барлық объективті мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу барысы мен нәтижелері ПД басшылығының бақылауында. Қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қабылданады",-деп жауап берді Qaz365.kz редакцияның ресми сұрауына Алматы ПД баспасөз қызметі.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Сот отырысы  бейнекамералардан алынған жазбаларды зерттеу нәтижесінде жүргізілген
Куәгерлер әйелді вагон астынан шығарып үлгергенімен, дәрігерлер келгенге дейін жан тапсырған

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →