Адвокаттың бұл уәжін жәбірленушілер де қолдады
Шерзат Болатқа қатысты атышулы қылмыстық іс бойынша сот процесі Талдықорғанда жалғасады. Жәбірленушілер де, айыпталушылар да сот отырысын Алматыда өткізу жөнінде өтініш түсіргенімен, судья Ержан Жанұзақов сот процесі бәрібір Талдықорғанда өтетінін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Процес осылай жалғасса, дұрыс жүрмейді»
Айыпталушы тараптың қорғаушысы Жанар Баймаханова сот процесін Алматы қаласындағы ЛА-72 мекемесінде өткізу туралы өтініш жасады. Оның айтуынша, барлық тарапқа – жәбірленушілерге де, айыпталушыларға да Талдықорғанға қатынау қиынға соғып отыр.
«Бізге де, жәбірленушілерге де Талдықорғанға келу қиын. Сот процесі осылай жалғаса берсе, дұрыс жүрмейді. Сізден талап ететініміз – Алматыда ЛА-72 мекемесінде сот отырысын тағайындау», – деді адвокат.
Адвокаттың бұл уәжін жәбірленушілер де қолдады. Тіпті Шерзат Болаттың әжесі алыстан қатынаудың қиындығын айтып, денсаулығы сыр беріп жатқанын жеткізді.
Судья шешімі
Судья Ержан Жанұзақов сот процесі Талдықорғандағы тергеу изоляторы жанындағы сот залында өтетінін мәлімдеді. Оның себебін нақтыламаса да, процестің орналасқан аумаққа қарай жүргізілуі әдеттегі тәжірибе екенін меңзеді.