Ол бәрін бір Аллаға тапсырғанын айтты.
Шерзат Болаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сот процесінде марқұмның әжесі Жұмабике Қадырова сөз сөйлеп, сол түнгі оқиғаны баяндап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Әжесінің айтуынша, өлім болған түні көлікпен келгендер Шерзатқа алдын-ала дайындалып келгендей әсер қалдырған. Әжесі немересінің бір сәттік жанайқайын еске алып, сол түні не болғанын әлі күнге дейін ақылға сыйғыза алмайтынын айтты.
«Мені итергеннен кейін орнымнан тұра алмай қалдым. Балаларыма қарасам – бәрін ұрып-соққан. Қол да көтерген, аяқпен де тепкен. Менің 16 жастағы немеремнің осынша сабалатындай қандай кінәсі болды екен? Бір шапалақпен шектелсе бір жөн ғой. Бірақ бұлар көлікке мініп, әдейі өлтіру үшін келген. «Әже-ау, әже-ау» деп жанұшыра айқайлағаны ғана құлағымда жаңғырып тұр», – деді көзіне жас алған Жұмабике Қадырова.
Сотта ол ұлы Қаржаубай сотталушы Ысқаққа кешірім берейік дегенін жеткізді. Кейуана Шерзаттың өліміне қатысы барларды тек Алланың сотына тапсырғанын айтты.
«Менің балам да, мен де бәрін де кешірдік. Алла кешірсін бұларды. Тек Алладан шын кешірім сұрасын. Судья сіз, ақиқатымен осыларға нақты жылын кесесіз бе, кеспейсіз бе, қорғап алып қаласыз ба, жақтап қаласыз ба – ар-намысыңызға берілген дүние. Мен бәрін бір Аллаға тапсырдым. «Құдайдан тап» дегеннен ауыр сөз жоқ. Себебі қайтіп табатынын бір Алла біледі. Бәрін бір құдайға тапсырдым. Ата-аналар да артымыздан шұқынып сөйлеп отыр. Бірақ мен сабырлыққа салып шыдап отырмын. Бір Алла шешсін», – деді Жұмабике Қадырова.