Сот Қаржаубай Нұрымовтан жауап алды
Қанды оқиға кезінде тек жасөспірім Шерзат қана емес, оның әкесі Қаржаубай Нұрымовтың да өміріне қауіп төнген. Бұл туралы ол сот отырысында айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Есіктің алдында Азамат, Шыңғыс және екі қыз болды. Олар есікті ұстап тұрғанымен, мен итеріп шықтым. Сол сәтте Дархан бетімнен бөтелкемен ұрды. Сол жерде есеңгірей бастадым. Қолымдағы пышақты көріп, бірдеңе болады деп ойлаған болар. Бірақ мен сыртқа шыққан кезде Шыңғыстың қолынан пышақ түсіп, оны қайта көтеріп жатқанын көзім шалды. Бұл сәт видеоға да түсіп қалған. Кейін менің артымнан қуып келіп, пышақ сұқты. Ол кірмей қалды. Бірақ сол кезде кіруі керек пе еді... Балам өлгенше, өзім өліп кетуім керек еді», – деді көзіне жас алған Шерзаттың әкесі.
Осы тұста прокурор айыпталушылардың пышақты нақты қай сәтте шығарғанын, олардың оқиға орнына дейін қолында ұстап келген-келмегенін сұрады.
«Алғаш болып пышақ шығарған – Азамат пен Шыңғыс. Мен дүкеннен енді шыға бергенімде пышақ шығарды. Ал дүкенге кірген сәтте Нұрбол күмәнді көрінді. Сол себепті өзімді қорғау мақсатында мен де пышақ алдым», – деді Қаржаубай Нұрымов.