Ғалия Ысқақова кінәлілер тиісті жазасын алса екен дейді.
Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының әйелі Ғалия Ысқақова президентке заңсыздықты тоқтату туралы өтінішпен жүгінді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ғалия Ысқақова әлеуметтік желідегі үндеуінде кәсіпкер Серік Қарымсақов «Дипломат» қонақ үйін сатқаннан түскен табысты қайтармағаны туралы айтты.
Серік Қарымсақов 2019-2022 жылдар аралығында «Дипломат» қонақ үйін екі рет сатып, өз ісіне салғырт қарайтын судьялар арқылы қонақ үйді қайтарып алған, бірақ түскен миллиардтаған теңгені қайтармады. Аталған қонақ үйді Қарымсақова алғаш рет 2019 жылдың 24 мамыры күні 2,5 млрд теңгеге сатқан. Алайда ол ақшаны жұмсап болған соң, сотқа қонақ үйді сатылымға қоймағанын айтып шағымданған. Судья оның арызын қанағаттандырып, сатып алушы Қарымсақовқа 500 млн теңге қарыз деп танылған, - деді Ысқақова.
Оның айтуынша, Қарымсақов мұнымен тоқтамаған. Ол құрамына «Дипломат» қонақ үйі кіретін компаниясының 71 пайыз үлесін Ғалия Ысқақованың анасына сатқан. Алайда кейіннен ол мұны да мойындамай қойған.
2020 жылдың 2 маусымында «Ақтерек LTD» компаниясының 71 пайызын үлесін 2,7 млрд теңгеге анама сатқан. Ал 2022 жылы Қарымсақова тағы сотқа жүгініп, ««Ақтерек LTD»» ЖШС-нің 71 пайызын сатпағанын алға тартқан. Ал компанияның балансында «Дипломат» қонақ үйі де болған. Астана қаласының судьясы Каримова дәл бірінші жағдайдағыдай оның арызын тағы қанағаттандырып, «Ақтерек LTD» ЖШС-нің 71 пайыз үлесі мен «Дипломат» қонақ үйін қайтарып берген. Бірақ Қарымсақов біздің отбасымызға 2,7 млрд теңгені қайтарған жоқ. Ол менің күйеуіме қатысты жүргізіліп жатқан сотқа дейінгі тергеуді пайдаланып, өзін жәбірленуші етіп көрсетті, - деді экс-министрдің әйелі.
Ғалия Ысқақова президентке жасаған өтінішінде бұл іске қатысы бар адамдар лайықты жазасын алса екен деп сұрайды.
Айта кетейік, былтыр Ғалия Ысқақованың өзі парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 6 айға бас бостандығынан айырылды. Кейін сот Арыстанбек Мұхамедиұлының әйелі Ғалия Ысқақоваға жазасын өтеуіне байланысты босату туралы шешім қабылдады.
Ал Мұхамедиұлының өзі 11 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сондай-ақ оған өмір бойы мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салынды. Сонымен бірге адвокаты Төлеев 6,8 жылға бас бостандығынан айырылған еді.