Соттағы жауабы тергеудегі жауабына қайшы келді
Шерзат Полат ісі бойынша Талдықорғанда өтіп жатқан соттан кейін Дархан Әскентайдың адвокаты Мәулен Ержанов соттан шыққан соң Qaz365.kz тілшісінің сұрақтарына жауап берді.
Дархан Әскентайдың адвокаты Мәулен Ержанов бүгінгі сотта прокурор Дана Сәрсембайды істен шеттетуді өтінген. Себебін өзі журналистерге соттан шыққанда былай түсіндірді:
«Прокурор эмоцияға беріліп кетіп жатыр. Одан бөлек, бұрмалап сұрақ қойып, қысым келтіріп жатыр. Менен бөлек бұл өтінішке себеп болар негіздерін қорғаушылар айтты. Сол себепті біз оны істен шеттетуді өтіндік».
Дархан Әскентайдың соттағы жауабы тергеудегі жауабына қайшы келді. Мұның себебін адвокаттан журналистер де сұраған. Ержановтың сөзінше, төбелес болған түні Қаржаубай Нұрымов Дархан Әскентайдан ешқандай кешірім сұрамаған, 103-ке қоңырау шалмаған, сотта айтқанындай «ақшаңды берейін, еміңе ақша берейін» демеген. Адвокат сонымен қатар, төбелеске Әскентай себеп болған деп есептемейді. «Төбелеске Дархан Әскентай себеп болмаған» деген Ержанов ол сыра үшін ақша төлегенін айтты.
«Дархан Әскентайдың жәбірленуші немесе істе куәгер ретінде өтуі керек болған. Не себепті сотталушы статусында отырғаны маған белгісіз. Ол төбелеске қатыспаған, Нұрқанатқа да, Шерзатқа да дене жарақатын салмаған. Төбелеске қатыспаған. Дархан сотта қалай жауап бергенін көрдіңіздер ғой. Оның ісінде ешқандай қылмыстық құқықбұзушылық жоқ. Сол себепті тағылған айыппен (293 бап) келіспейміз», - дейді ол.
Сотта Дархан Әскентай төбелес болған түні Шерзат өзін кастетпен ұрғанын айтты. Бірақ тергеу кезінде олай демеген. Адвокат Ержановтың сөзінше, Әскентайға тергеу кезінде 28 күн бойы ем-дом жасалмаған. Ержановтың сөзінше, «кастеттің соққысынан Әскентайдың басы сүйегі (көзінің асты) сынып кеткен.
«Ондай денсаулық жағдайын ескермеген тергеушілер одан қайталап жауап ала берген. Қандай, қалай жауап бергенін өзі оқымай, жауап бере берген. Кастет жайлы ол кезде неге айтпағаны маған белгісіз. Сотта айтып отыр. Ол өзінің құқығы. Әскентайға моральдық қысым көрсеткен. Тергеушілер оған Шерзаттардың үйі өртенгенін көрсеткен. Қысым көрсеткен соң ол солай жауап беріп отыр», - дейді Ержанов.
Адвокат Мәулен Ержанов сот Дархан Әскентайды толық ақтауы керек деп санайды.
«Қолында қаруы болмаған. Төбелеске қатыспаған. Тағы айтайын. Төбелес Дархан үшін басталмаған. Төбелес жәбірленушінің заңды өкілі пышақпен шыққаннан кейін төбелес басталып кетіп отыр. Әскентай қаруды Нұрқанат әкеліп, екі рет (бірін аспанға) атқанын айтты», - деді Ержанов.