Нұрбол Тоқтаубаев азаптау бойынша прокуратураға шағым түсірген.
Талдықорғанда өтіп жатқан сот процесінде сотталушы Нұрбол Тоқтаубаев тергеу кезінде берген жауабынан бас тартты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
15 мамырдағы сот отырысында айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаев сотқа өзіне тергеу кезінде қысым жасалғанын айтты. Сөзінше, тергеу кезінде полиция соққыға жыққан.
Төбелес кезінде Абзал пышақ алып шығып, Шерзатты пышақтап жіберді. Пышақты нақты қайдан алғанын білмеймін. Туған інім Азамат Нұрқанаттың жамбасынан пышақтады. Нұрқияс сол кезде мылтықты Қаржаубайдың қолынан тартып алып, мылтықпен Шерзатқа бірнеше рет соққы жасады. Шерзат жерге отырған кезде мен екі рет оң аяғынан тептім, үшінші рет оң жұдырығыммен бірнеше рет қолдарына соққы жасадым. Нақты кім екенін білмеймін. Жанымдағылар да Шерзатты тепкіледі. Сол сәтте жаңағы екі қыз және Шерзаттың анасы бізді ажыратпақ болып арамызда жүрді. Кейін мен оқиға болған жерде қалдым. Алыста тұрған автокөлігіме барып, жүргізушімен кетіп қалдым. Оның аты-жөнін білмеймін, – деген Тоқтаубаев былтыр 4 қазанда полиция майоры Мұстафаеваға берген жауабында.
Нұрбол Тоқтаубаев азаптау бойынша прокуратураға шағым түсірген. Адвокаттың сөзінше, оған әлі күнге дейін мардымды жауап ала алмаған. Айыптаушы прокурорлар шағымға байланысты тиісті шешім шыққанын, ол құжатты келесі сот отырысында ұсынуға дайын екендерін айтты.
Қысым көрсетті. Полиция, жедел қызметкерлері ұрды, соқты. Ол бойынша бірнеше рет арыз жазған болатынмын.... Полиция бөліміне кіргеннен бастап жауап алуға дейін таяқ жедік....Қысқа нұсқа айтып өтейін: киноға түсіреміз деді. Алып шықты. Киноға түсірді. Біреудің үйіне кіргізді. Ол жерде біраз ұрып-соқты. Полиция басқармасы ішінде полиция қызметкерлері, жедел уәкіл қызметкерлері ұрды, өткен-кеткеннің бәрі ұрып, бізге “былай айтасың, былай айтасың” деп күш қолданды. Және Қаржаубайдың өзі де келіп, бәрімізді балағаттады. Қоқан-лоқы көрсетті. Ұрды. Оны растайтын куәгерлер отыр,- деді Нұрбол Тоқтаубаев.