Олар автокөліктерді Грузия мен Беларуське жеткізіп береміз деп уәде еткен
Жетісу облысы Панфилов ауданына қарасты Атамекен ауылында автокөліктерді заңсыз иемденуге байланысты ірі алаяқтық дерегі анықталып, әшкереленді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
“Панфилов ауданына қарасты Атамекен ауылында автокөліктерді заңсыз иемденуге байланысты ірі алаяқтық жасаған 33 және 34 жастағы екі ер адам алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы 13 автокөлікті иемденіп, жалпы сомасы 314 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірген. Алаяқтардың алғашқы құрбаны – Қытай азаматы болған. Олар бұл азаматқа автокөліктерін Грузияға жеткізіп береміз деп уәде беріп, нәтижесінде алты көлігін алып кеткен: Jetour (үш автокөлік), Mercedes C260, Mercedes C260L және Mercedes GLC 260L. Кейін бұл көліктер Шымкент пен Жамбыл облысына жеткізіліп, таныстарына сатылған. Алаяқтар мұнымен тоқтамаған. Келесі құрбан – көлік тасымалымен айналысатын жеке кәсіпкер болған. Беларусь Республикасына көлік жеткізу үшін автокөлік тасымалдайтын көлігі бар жүргізуші іздеген кәсіпкер алаяқтармен танысып қалған. Бұл жолы олар жеті көлікті иемденген: Range Rover, Mini Cooper SE, Li 7 (үш автокөлік) және екі Li 9 (2 автокөлік). Қытайлық бес көлік Жамбыл облысына жеткізіліп, алаяқтардың ортақ танысына сатылса, қалған Range Rover мен Mini Cooper SE Алматыда арзан бағамен өткізілген”, – делінеген полиция хабарламасында.
Қазіргі таңда алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды. Күдіктілер қамауға алынды. Алаяқтардың алғашқы құрбанына айналған Қытай азаматы қылмысты жедел ашқаны үшін полиция қызметкерлеріне шынайы алғысын білдірген.