Ол 37 жастағы Индер ауданының тұрғыны болып шықты
Атырауда 1 келіден астам синтетикалық есірткі таратқан тұрғын ұсталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы Өңірлік Ішкі істер департаменті мәлімдеді.
“Атырау облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде қала аумағында есірткі заттарын таратумен айналысқан 37 жастағы Индер ауданының тұрғынын ұстады. Күдіктінің жеке басын тінту кезінде және оның көрсетуімен 100 дана оралған ақ түсті ұнтақ тәріздес заттар анықталып, тәркіленді. Анықталған заттардың салмағы 1 келіден асатын синтетикалық есірткі заты екені белгілі болды”, – делінген полиция ақпаратында.
Қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды. Кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды.