Жолаушыны аман алып қалу мүмкін болмады.
Екатеринбург – Сочи бағытында ұшып бара жатқан Nordwind Airlines әуе компаниясының Boeing-777 ұшағы жолаушының жағдайы күрт нашарлауына байланысты Ақтөбедегі әуежайға шұғыл қонуға мәжбүр болды. Кейіннен оның көз жұмғаны анықталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ақтөбе стансасындағы Көлік полициясы департаментінің желілік полиция бөлімінің мәліметінше, әйел күйеуі және балаларымен бірге Сочиге демалысқа бара жатқан.
Екатеринбург – Сочи рейсі Ақтөбе уақыты бойынша шамамен 14:30-да бағытты қайта жалғастырды. Қайтыс болған әйелдің мәйіті облыс орталығында қалдырылды. Ақтөбе стансасындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері оқиғаның барлық жай-жапсарын анықтау мақсатында алғашқы тексеру шараларын жүргізіп жатыр. Оқиға орны қаралып, куәгерлерден жауап алынып, бірқатар сараптама тағайындалды. Тексеру нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады, – делінген Көлік полициясы департаментінің хабарламасында.
Әуежайдың баспасөз қызметі жедел әрекет ету қызметтері мен медициналық бригаданың дереу ұшаққа жеткізілгенін алға тартты.
Өкінішке қарай, қабылданған шараларға қарамастан, жолаушыны аман алып қалу мүмкін болмады. 1983 жылы туған әйел Ақтөбеге қонғанға дейін көз жұмған. Ақтөбе халықаралық әуежайы марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады, – делінген хабарламада.