Ал тарих мұғалімі керісінше өзі таяқ жегенін, беделіне нұқсан келгенін айтқан.
Астананың іргесіндегі Қосшы қаласында мұғалімдер мектепте төбелесті. Тарих және математика пәні мұғалімі арасындағы жанжал ізімен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Жетінші арнаның» мәліметінше IT пәнінің мұғалімі Бекарыс Жақсыбаев әріптесімен амандаспақ болған. Бірақ ол дөрекі жауап қайтарған.
Телеарна тілшісінің хабарлауынша, мектептегі екі ұстаздың арасында өзара тектірес соңғы қоңыраудан кейін басталған. Ал төбелес екі ай бұрын болған. Екі мұғалім полицияға енді шағымданып отыр.
Оқиға мектептің спорт залында сәуірдің бірі күні болған. Екі мұғалімнің бірі екіншісінің жағын сындырып жіберген. Ұстаздардың алысып-жұлысып төбелесіп жатқаны директорға дейін жеткен. Бірақ оқиға орнына не жедел жәрдем, не полиция шақыртылмаған. Ал таяқ жеген ұстаз ауруханадан бір-ақ шыққан.
Мен біреумен амандаспақшы болдым. Оның бетіне ме, бірнәрсеге тиіп кетті. Сосын менің қолымды қағып жіберді. Спорт зал жаққа шақырды. Сосын бардым. Кірген кезде бетімнен ұрды. Бір мұғалім мені ұстап тұрды. Анау мені 10 шақты рет насоспен басымнан ұрды, - дейді IT мектеп-лицейінің мұғалімі Бекарыс Жақсыбаев.
Телеарнаның хабарлауынша, басы айналып, ауырсынған Бекарыс алдымен Қосшы ауруханасына барады. Дәрігерлер оны Астанаға жіберген. Жақ сүйегі сынған мұғалімге операция жасалып, бір айдан артық емделген.
Ал тарих мұғалімі керісінше өзі таяқ жегенін, беделіне нұқсан келгенін айтқан.
Ешқандай ұру болған жоқ. Сол жерде мені ұрып-соғып жатқан жерінен дене шынықтыру мұғалімдері келіп ажыратып, екі жаққа жіберді. Менің мұрным сынды. Мұрнымда әлі із бар, міне, бет аузым көгерді. Қылқындырғаннан кеңірдекте де зақымдар болды, - дейді IT мектеп-лицейінің мұғалімі Ілияс Ибраһим.
Екі мұғалім арасындағы төбелестен кейін мектеп директоры оларға дәрігерлік көмек қажет болмағанын айтады.
Өздері келіп өздері кеткен адамдар ғой. Жедел жәрдем шақыратындай көмек қажет болмады. Қазір енді педагогикалық әдептің кеңесін өткіземіз. Ол әлі кеш емес, - дейді мектеп директоры Нүркен Шахметов.
Тәртіп сақшылары мектепке келіп тергеуді бастап кетті. Ал олардың жұмысында қалу-қалмауын педагогикалық кеңес шешеді.