Денесінің 40 пайызы ыстық сумен күйген қыз қазір ауруханада жатыр
Қызылордада қаласындағы жекеменшік балабақшаның қызметкерлері бүлдіршінді жуындырып жатып денесінің 40 пайызын ыстық сумен күйдіріп алған, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Информбюро-ға сілтеме жасап.
Аяғы мен іш терісі күлдіреп кеткен екі жасар қыз қазір ауруханада жатыр. Мамыр айынан бері балалар ауруханасында жатқан бүлдіршіннің денсаулығы әлі де оңала қоймаған. Бүлдіршіннің аяқтары, жамбасы мен іш терісі қатты қызарып, күлдіреп кеткен. Денесінің көп бөлігі күйіп қалған балақай түнімен ұйықтамай қиналып шығады екен.
Екі жастағы Еркежан Шардарбектің анасы болған жағдайға кінәлілер тиісті жазасын алсын деп отыр. Оның айтуынша, балабақша қызметкерлері қызы күйіп қалған сәтте тіпті жедел жәрдем шақырмаған.
“Олар маған қыз ұйқыдан тұрып, үлкен дәретке шықты деді. Сол кезде үстін бүлдіріп алған. Жуынатын бөлмедегі шұңғылшаға жуындырдық дейді. Сол кезде Еркежан кранды ашып, ыстық суды ағызып жіберген. Біз оған сенбейміз. Ондай 30-40 пайыз күйік алу аристоннан мүмкін емес”, – дейді Еркежанның анасы Айнұр Айдарбекова.
Ол балалар қауіпсіздігіне бей-жәй қараған жекеменшік бөбекжайдың басшысынан бастап тәрбиешілеріне дейін заң алдында жауап берсін деп отыр. Қызметкерлерді салғырттығын балабақша басшылары да мойындап отыр. Сондықтан оларды жұмыстан шығарған.
“Шомылдыру барысында өрескел қателік жасап, техникалық заңдылықты сақтамай, аристонның ыстық суына күйдіріп алып тұр. Аталған іс бойынша қазір қылмыстық іс қозғалып жатыр. Біздің тараптан сол оқиғаға байланысты екі тәрбиешінің көмекшісі еңбек заңнамасына сәйкес жұмыстан босатылды”, – деді “Сыр болашағы” балабақшасының меңгерушісі Ағжан Абдуллаева.
Қазір полиция “кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндеттерін орындамау” бабымен тергеу жүргізіп жатыр. Ал Еркежанның анасы тәрбие ошағында болған оқиға егжей-тегжейлі тексерілуін талап етіп отыр.