Жәбірленуші – көпбалалы ана
Қызылорда қаласындағы дәмханалардың бірінде түршігерлік оқиға тіркелді. PostScript.kz мәліметінше, қоғамдық тамақтану орнының иесі мен кәуап әзірлеуші аспаздың арасында туындаған жанжал ауыр зардапқа әкеліп соқты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оқиғаға қатысты алғашқы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Айтуларынша, аспаз жұмыстан гөрі карта ойнап, ішімдік ішіп жүрген. Мұндай жауапсыз әрекеттеріне наразы болған дәмхана иесі оған ескерту жасаған. Алайда масаң күйдегі қызметкер бұл сөзге ашуланып, ет шабатын балтамен шабуыл жасаған.
Жәбірленуші – көпбалалы ана. Ал шабуыл жасаған жұмысшы оқиға орнында ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді.
Қалалық полиция басқармасы бұл жағдайға қатысты Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша іс қозғағанын мәлімдеді. Тергеу амалдары жүргізілуде, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.