×

"Сеніміме әбден кірген еді": БҚО-да 18 жастағы жігіт пәтер иесін тонап кетті

Ол пәтерден алтын, күміс сақиналар мен алқаны қолды қылған

"Сеніміме әбден кірген еді": БҚО-да 18 жастағы жігіт пәтер иесін тонап кетті
Сурет: i.mycdn.me

Батыс Қазақстан облысында полицейлер Орал қаласында ірі көлемде ұрлық жасаған күдіктіні қолға түсірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы өңірлік Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

“Қылмыс 11 мамыр мен 8 маусым аралығында көпқабатты үйлердің бірінде болған. Тергеу барысында анықталғандай, 18 жастағы Жамбыл облысының тумасы жәбірленушімен бір пәтерде бірге тұрып, бөлмені жалға алған. Сенімге кірген ол қолайлы сәтті пайдаланып, 500 мың теңге ақшаны, төрт алтын сақина мен сырғаны, күміс сақина және қолдан жасалған алқаны жасырын түрде алып кеткен. Жалпы келтірілген материалдық шығын — 1,6 миллион теңге. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті ұсталып, оның бұған дейін Алматы мен Ақтау қалаларында да осыған ұқсас қылмыстар жасағаны үшін бірнеше рет сотталғаны белгілі болды. Ұрланған мүлік ішінара тәркіленіп, қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды”, – делінген полиция хабарламасында.

Тергеу амалдары жалғасуда. Полиция азаматтарға пәтер жалға беру кезінде сақтық шараларын күшейтіп, жеке мүлікке мұқият болуға кеңес береді. Сенім – ең алдымен қауіпсіздік екенін ұмытпаған жөн.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →