Жазушының алты баласы болған – төртеуі ұл, екеуі қыз
2025 жылдың 23 маусымында Қазақстанның танымал жазушысы, әдебиеттанушысы және публицисі Мұхтар Мағауиннің ұлы – Мағжан Мағауин өмірден өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
“Мағжан Мағауин өмір бойы Алматы қаласында тұрған. Жазушының алты баласы болған – төртеуі ұл, екеуі қыз”, – дейді Juzmedia.kz-ке хабарлаған туыстары.
Биыл қаңтар айында Мағжан әкесімен Түркияда болған соңғы кездесуі туралы естеліктерімен бөліскен еді.
Еске сала кетейік, Мұхтар Мағауин 2025 жылдың 10-қаңтарында, 84 жасында дүниеден өткен болатын. Ол түркі әлемін, мәдени кодты және қазақ халқының тағдырын зерттеуге өмірін арнаған қазақ прозасының ірі өкілдерінің бірі ретінде танылған.
Мұхтар Мағауин - тарихшы, жазушы, қазақтың ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым. Филология ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1984), Қазақстанның халық жазушысы (1996).
Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда сол кездегі Семей облысының Шұбартау ауданында туған. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантурасын бітірген.
«Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген.
Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізген.
1984-86 жылдары «Жазушы» баспасының бас редакторы, 1988-2006 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болған.
Баспасөз бетінде алғаш рет 1959 жылы көрінген. 60-жылдары негізінен әдебиет зерттеушісі ретінде танылған. Шығармалары орыс тіліне аударылған, шетел тілдерінде басылған. Филология ғылымының кандидаты (1967) деген ғылыми атағы бар. Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының хатшысы болып қызмет атқарған.
«Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығын алған. Қазақстанның Халық жазушысы (1984) атағының, Түркияның халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері (1997), «Тарлан» сыйлығының лауреаты (2002), Қазақстанның Құрметті жазушысы (2019) болған.
2006 жылдың желтоқсанында Қазақстаннан Чех Республикасына қоныстанған. Содан бері Чехия, АҚШ, Түркия елдерінде тұрып, шығармашылықпен, ғылыми зерттеулермен айналысқан.