Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды
Талай журналиске дәріс беріп, ақпарат айдынына қанат қақтырған қарт профессорды алаяқтар алдап соққан. Бұл туралы журналист Айбар Олжаев әлеуметтік желідегі парақшасында дабыл қақты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Журналистің айтуынша, алаяқтар ардагер журналист, профессор Кәкен Қамзиннің сенгіштігін пайдаланып кинодағыдай әрекет еткен.
«Алдымен «Энергосбыт» қызметкері ретінде хабарласып, мекенжайы, ЖСН, пәтері туралы ақпаратты біліп алған. Артынан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің атын жамылып хабарласып, біреулердің үйін тартып алайын деп тұрғанын айтып, тез үйін сатуға көндіріп, ал ақшаны Ұлттық банктің арнайы шотында сақтайсыз деп алдаған. Профессор нотариус арқылы үйін сатып, ақшаны алаяқтар жіберген курьерге бере салған», – дейді Айбар Олжаев.
Қазіргі таңда аталған факт бойынша Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция департаментінде қылмыстық іс қозғалды.
Ал баспанасынан айырылған ардагер журналсит Кәкен Қамзин жалғыз өзі үйінде ешкімге есігін ашпай, бекініп жатыр. Пәтерді сатып алғандар болса, кеште, түнде келіп, босатуын талап етіп, қоқан-лоққы көрсетуде.
Осынау резонансты істі көтерген журналист Олжаев құқық қорғау органдарының басшыларын, Ішкі істер министрі Ержан Саденовті, Парламент депутаттарын, профессордың шәкірттері Жанарбек Әшімжан, Нартай Сәрсенғалиев, Мақсат Толықбай, арда журналист Ермұрат Бапидан осы мәселеге назар аударып, ұстаздарының басына түскен қиын жағдайда көмек беруін сұрайды. Сондай-ақ сот арқылы үйді сату мәмілесін заңсыз деп тану үшін білікті адвокат, Парламент депутаты Абзал Құспанның да кәсіби кеңесіне жүгінеді.