Болжам бойынша, Mercedes көлігінде әйел бес баласымен бірге отырған
Алматының шетіндегі Бұрындай тас жолында МАЗ краны, №10 автобус және бірнеше жеңіл көлік соқтығысып, ірі жол апаты болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Алматы қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, Бұрындай тас жолымен шығыс бағытта келе жатқан МАЗ жүргізушісі көлікті басқара алмай, бір бағытта келе жатқан екі көлікпен — Mercedes пен KIA Sportage-пен соқтығысқан. Кейін қарсы жолаққа шығып кетіп, жолаушылар автобусымен және Subaru көлігімен қақтығысқан.
Апат салдарынан 23 адам зардап шекті, олардың қатарында автобус жолаушылары мен KIA Sportage жүргізушісі бар. Жол-көлік оқиғасы бойынша тергеу басталды, – деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаменті.
Болжам бойынша, Mercedes көлігінде әйел бес баласымен бірге отырған. Олардың жағдайы әзірге белгісіз.